Ұйқыны қалыпқа келтірудің жолдары

Жұмыстан шаршап келіп, ештеңеге де зауқыңыз соқпай, тек жайлы төсекке жатып, қалың ұйқыға кеткіңіз келетін кездер болады. Бірақ жастыққа басыңыз тиген бойда ұйықтап кету оңайға соқпайды. Біз бұл мақаламызда ұйқысыздықтан арылып, ұйқыны қалай қалыпқа келтіруге болатынын айтқымыз келіп отыр. Өйткені, ұйқы біздің өміріміздің маңызды бір бөлігі.

Қанша сағат ұйықтау керек?

Жақында Пенсильвания университетінің оқымыстылары мен Вашингтон штатының мамандары зерттеу жұмыстарын жүргізді. Олар өз еркімен келген 48 адамды жинап, әрқайсысын әртүрлі уақыт ұйықтатты. Тәулігіне сегіз сағат ұйықтаған адамдар күні бойы өздерін сергек сезінсе, 4-6 сағат ұйықтағандар жұмыс жасауға күш-қуаты болмай, әлсіз жүргенін жасырмады. 

Ұйқыны қалай қалпына келтіруге болады?

Кофеиннен қашыңыз

Егер ұйқыға кетуіңіз қиын болса, кофеин қосылған сусындардан аулақ болыңыз. Ал таңертең кофе ішуді әдетке айналдырған болсаңыз, түс қайта ішпей-ақ қойыңыз.

Темекіні тастаңыз

Көпке дейін ұйқыңыз келмесе, темекімен мәңгілікке қош айтысқаныңыз дұрыс. Себебі, оның құрамындағы никотин мөлшері сіздің ұйқыңызды бұзады.

Жатын бөлмеңізді тазалаңыз

Бөлмеңіздегі ұйқыға қатысы жоқ нәрселердің бәрін алып тастаңыз. Мысалы: теледидар, ноутбук, планшет секілді заттар сіздің ұйқыңызға кері әсерін тигізеді. Перделер жарық өткізбейтіндей толық жабық тұруы керек.

Жаттығу

Жұмыстан келгеннен соң жаттығу жасауды ұмытпаңыз. Ол денеңіз бен миыңызды тыныштандырып, тезірек ұйқыға кетуге көмектеседі.

Температура

Бөлмеңіздегі температураны қадағалап отырыңыз. Ұйықтар кезде шамамен 18-21 градус болған дұрыс.

Тыныштық орнатыңыз

Ұйқыға кету үшін бөлмеде тыныштық орнатыңыз.

Ұйқының жүйелі болғаны жақсы

Бір уақытта жатып, бір уақытта тұруға дағдыланыңыз. Жұмыс күндері де, демалыс күндері де солай болғаны дұрыс.

Жатар алдында гаджеттерді қолданбаңыз

Ұйықтар алдында компьютер мен смартфондарды пайдаланбаңыз. Ол сіздің ұйқыңызбен қоса денсаулығыңызды да құртады. Соның кесірінен кортизол күйзелісі пайда болады. Ал ол күйзелістің ұйқының хас жауы екенін дәрігер мамандар жиі айтады.

Демалысты тиімді пайдаланыңыз

Әр нәрсені уайымдап, өз-өзіңізді жегідей жей берсеңіз, ұйқыңызға да әсер етпей қоймайды. Сондықтан, демалысыңызды ұтымды пайдалануға тырысыңыз. Қызықты кітаптар оқу, жаттығу залына бару күйзеліспен күресуге көмектеседі.

Таңертең бір стақан су ішіңіз

Таңертең ұйқыдан тұра салысымен солғын, көңілсіз көрінесіз. Себебі, бірнеше сағат ағзаңызға су бармайды. Сондықтан, ұйқыдан тұрғанда ең алдымен су ішіңіз.

Ұйқыдан тұрып қылтимаға шығып, бірер минут күннің астында тұрсаңыз да ұйқыңыз шайдай ашылады.

Естеріңізге сала кетейік, ұйқының жетіспеушілігі көңіл-күйіңізге де, денсаулығыңызға да зиян. Сол себепті, уақытымен ұйықтап, уақытымен жұмыс істеңіз. Сонда сіздің өміріңіз де, көңіліңіз де керемет болады.