- Негізгі бет
- Денсаулық
- Ұйқыдан ерте оянудың...
Ұйқыдан ерте оянудың себептері
Таңертең ұйқыдан ерте тұрудың артықшылықтары туралы аңыз-әңгіме де, өсиет те, мақал-мәтел де көп. Ерте тұру бір жағынан әдеп, тәртіп саналса, екінші жағынан денсаулыққа да пайдалы. "Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық" деген сөзді ата-бабамыз бекер айтпаған. Ендеше ерте тұрудың тиімді жақтарын санамалап көрейік.
1. Таңертең түйінді мәселер туралы шешім қабылдау оңай
Психологтардың пікірінше, адамның ішкі (рух) күші де сыртқы бұлшық ет күші сияқты шаршайды. Ішкі энергия күні бойы жасаған тынымсыз жұмыс әсерінен азаяды. Сол үшін миға салмақ түсіретін қиын істі орындау керек болса, таңертеңнен қалдырмаған абзал. Кешке бәрібір оны орындамау үшін мың бір сылтау ойлап табасыз.
2. Ерте оянсаңыз уақытыңыз көбірек болады
Егер күн шығар-шықпас сіз де қозғалып немесе жұмысқа жиналып, ертерек әрекеттенсеңіз, жүйкеңіз де тыныш болады. Бос, кептеліссіз көшемен жұмыс орныңызға оңай жетіп аласыз. Бүкіл әлем ұйқыда кезде өзіңіз қалаған іспен айналысуға деген қымбат уақытты арнай аласыз.
3. Таңертең ерте тұру – жан тыныштығы
Таңертең тұрып Facebook немесе басқа әлеуметтік желілерді ашсаңыз, 3-4 жаңалықты ғана көресіз, электронды поштаңызға да хат келмеген. Жаңалық таратушы сайттарға да хабарлар шығарып үлгермеген. Тып-тыныш...
4. Таңертеңгі жақсы көңіл-күй өнімді еңбектің кепілі
Егер жоспарыңыздағы істердің біреуін болса да таңертең орындай алсаңыз, басқаларына да уақыт жетеді. Тіпті, түстен кейін сізде жұмыстан тыс бос уақыт қалуы ықтимал. Ұйқыдан кеш оянып, дәл осы күніңізді түске жақын бастасаңыз, онда күні бойы асығыс іс-әркет сізді кешке дейін қажытып жібереді.
5. Таңертең миға салмақ аз түседі, зорығу болмайды
Анығында зорығу мүлде болмайды. Бұл уақыттағы көңіл-күйіңіз – күннің алғашқы сәулесі шағылысып жатқан су бетіне ұқсап нұрланып тұрады. Мұндай көңіл-күймен кез келген жұмысқа шабытпен кірісуге болады. Атақты ақын-жазушылар да жазуын таңертең бастағаны бекер емес. Күн шықпай жазуға отырудың тиімділігі туралы әйгілі жазушы Мұхтар Мағауин "Мен" автобиографиялық шығармасында егжей-тегжейлі айтып өткен.