Льюис Вудс есімді британдық жас қыз 44 күн бойы ұйықтаған. Бұл Клейн-Левиннің синдромы. Ал халық арасында бұл ауру «ұйқыдағы ару» деп аталады екен.
«Daily mail» газеті ерекше ауруы бар қыз туралы ұзын-сонар мақала жазыпты. Льюис сирек кездесетін неврологиялық дертке шалдыққан. Ол оянған кезде де ұйқы құшағынан шыға алмай, дел-сал күйде тамақ ішіп, дәрет алатын көрінеді. Ол бұл кезде өз ісіне жауап бере алмайды да.
«Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы». Оның ең көп ұйықтаған сәтін әлдекімдер есептеп, тура 44 күн ұйықтаған деп лепіреді. Анда-санда ғана аштықтан ояна салып, тамақ сұрайды екен. Сол оянған сәтте де ол асханаға дейінгі жолды сана сіңірмес істермен «көмкеретінді» шығарған. Мәселен, қабырғаларға басын қайта-қайта соғып, ал бірде өзінің інісін өлердей етіп сабапты. Тіпті жүре алмайтын жастағы баладай жерге жатып алып, айғайға басқан кездері де болыпты.
«Бірде оянып кетсем, екі қолым қанға малынған, ал басым жарылыпты. Бірақ мен бұған дейін не болғанын да білмеппін» дейді Льюис.
Ең бірінші ұйқысырау мектептен қайтып келе жатып, құлап қалған кезінен басталыпты. Оны оятып, есіне келтіру істері де нәтиже бермеген. Ал кейінде оның ұйықтап қалу әдеті жиі қайталанып, уақыты да созыла бастапты. Ол бұған дейін сабағын тек үздік оқып, тіпті баскетбол ойынын да шебер ойнаған екен. Ол қазір шешесінің қасында. Тәулігіне 24 сағат қарауды қажет ететін науқастың өміріне дәрігерлер араласа да алмайды екен.
Клейн-Левин синдромы – күн тәртібінің ауысып, ұйқысырап жүру ауруы. Ұлыбританияда бұл аурумен 65 адам тіркеліпті.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: rambler.ru