Сезім әсерлеріне қарсы күрестің осындай құралдарын толық қолданғаннан кейін де дүрбелең әсерден құтыла алмасаңыз, валериана немесе сасықшөп тұнбасын күндіз және ұйқыға жатар алдында ішуге болады.
Егер ұйқының бұзылуы тым жиілеп кетсе, қандай ұйықтатқыш немесе тыныштандарғыш дәрі-дәрмектерді қолданған жақсы болатыны туралы невропатологпен ақылдасқан жөн.
Түнгі ұйқының тыныш болуы үшін таза ауа, ыңғайлы төсек пен тыныштық қана жеткілікті емес. Өзіміз киіп жататын іш киімнің де үлкен маңызы бар.
Тері өзектері арқылы тер, май, көмір қышқылы бөлініп шығатыны, ал терінің өз бетінен бірте-бірте мүйізді қабыршық түлеп түсетіні мәлім. Теріден бөлініп шыққан осы заттар күні бойы іш киімге сіңеді. Міне, сондықтан да ұйықтауға жатардан бұрын күндізгі іш киімді түнге іш киіммен ауыстыру міндет.
Сауда орындарында алуан түрлі материалдардан: мақта матадан, зығырдан, ацетаттан, капроннан, нейлоннан тігілген түнгі іш киімдер сатылады. Гигиеналық жағынан ең дұрысы мақта, зығыр, таза жібек маталардан тігілген іш киімдер. Бұлар дымды жақсы жұтады, терінің булануына және терінің тыныстауына кедергі жасамайды. Егер теріні тітіркендірмесе, синтетикалық материалдардан тігілген түнгі көйлектер мен пижамаларды киюге болады.
Түнгі іш киімді (пижамаларды, көйлектерді) кең, резеңкелері мен жағалары қыспайтын, тыныс алуға бөгет жасамайтын, қимылды қиындатпайтындай етіп тігу керек.
Бөлменің температурасы қалыпты болса (18 – 20 градус) түнгі іш киімнің жұқа және жеңіл болғаны жөн. Егер температура бұдан неғұрлым төмен болса, іш киімнің жылы болғаны дұрыс.
Түнгі көйлектерді кемінде аптасына бір рет ауыстырып тұрады. Матаның ауа өткізгіштігі мен ылғал сіңіргіштігін кемітіп алмас үшін крахмалдамаған жөн.
Ұйықтағанда киетін пижама үйде киетін костюм емес: оны үйде, түрлі жұмыс кезінде киіп жүруге болмайды. Таңертең сілкіп алған соң түнгі іш киімді жинап қояды, тек түнге қарай киеді.
Қайсыбір жас қыздар мен әйелдер түнге қарай көкірекшелерін шешпейді. Көкірекше кеуде қуысын қысады, қан айналымын бұзып, тыныс алуды едәуір қиындатады.
Тағы бір айтарымыз: мүлде іш киімсіз жалаңаш ұйықтаған пайдалы ма? - деп жиі сұрайды. Бұл үшін жағдай болса, сөз жоқ, пайдалы. Мұндайда барынша жақсы тынығасыз.
Енді бірнеше кеңеске көңіл бөліңіз.
Таза ауа біздің өкпемізге ғана емес, терімізге де қажет. Түнге қарай міндетті түрде жуыныңыз, уақыт қаншалықты кеш болса да бетіңізде косметика қалдырмаңыз.
Егер екінші иек пайда болмасын десеңіз, жастықты тым биік салмаңыз.
Күні бойы көп жүретін немесе түрегеліп тұратын әйелдердің басына жайпақ жастық салғандары және аяқтары басынан жоғары болуы үшін олардың астына бірдеңе төсегені жөн. Аяқ жақсы тынығады, ал миға қан жақсы барады.
Етпеттеп жатуға тырысыңыз: бұл омыртқа үшін пайдалы.
Ұйқыға жатардан бұрын, сондай-ақ таңертең, төсектен тұра салысымен, терезені немесе желдеркішті ашып, бірнеше рет өте терең тыныс алыңыз – бұл нерв клеткалары үшін тамаша жаттығу болып табылады.
Сіздің қысымыңыз төмен, таңертең тұрғанда жайыңыз бола бермейді делік. Ояна салысымен лимон және бір қасық бал қосқан ыстық шай аз-аздап ұрттап ішіп көріңіз – ұйқыңыз ашылып, дел-сал күйден тез арыласыз.
Таңертең төсек-орынды тұрған бойда бірден жинамаңыз – терезені ашып, оншақты минут бойына желдетіп алыңыз.
Аптасына бір рет жастықтарды аздап қағыңыз, көрпелерді сілкіңіз. Ақ жайманы күн сайын сілку керек.
Көптеген әйелдер құс төсектер мен жастықтарды оқтын-оқтын күн көзіне шығарып қатты қағып алу керек деп ойлайды. Бұлай істеңіз. Күннің сәулесі қауырсынды сынғыш етеді. Ал күшпен соққанда қауырсын астарды тесіп, шыға береді.
Жел қаққаннан соң матрасты щеткамен немесе шаңсорғышпен тазалаңыз. Оны қағуға болмайды: шаңы сіңіп кетеді, оның үстіне қаптаған тысты бүлдіріп аласыз.
Поролон матрастар гигиеналық жағынан таза болады және оншама желдетіп, тазалауды керек етпейді. Оған түскен дақ синтетикалық жуғыш заттармен кетіріледі. Естеріңізде болсын, поролон күн сәулесінен бұзылады.
Сырып тіккен көрпелерді жұмсақ щеткамен жеңіл-желпі тазалаңыз, ал кір басқандарын химиялық әдіспен тазалауға беріңіз. Мамық көрпелерді оқтын-оқтын желге қақтырыңыз, ал тігістерін жұмсақ щеткамен тазартыңыз. Шаңсоғышты пайдаланбаңыз: жеңіл мамықтар көрпенің тысы арқылы сорып алынуы мүмкін. Көрпе тысының тесілген жерлерін тікпей (ине тескен орындардан мамық шығады), желім таспамен (лейкопластырьмен) желімдеген жақсы.
Суреттер ғаламтор беттерінен алынған