Уыздың емдік қасиеттері

Жаңадан төлдеген малдың сүті «уыз» деп аталады. Бір аптаға дейін малдың сүті уыз қалпында болады. Уызда дәрумендер көп болғандықтан, адамға да, төлдерге де өте пайдалы.

Уыз «сары уыз», «ақ уыз» деп екіге бөлінеді. Сары уыз әрі қою, әрі желім сияқты жабысқақ болады. Ақ уыздың өңі сары уызға қарағанда ақшыл, әрі сұйықтау келеді. Сары уызды төлдің өзіне емізіп, ақ уызды сауып алып пайдаланады. Інген мен биенің уызын бота мен құлынға емізеді. Ал сиырдың, қойдың, ешкінің ақ уыздарынан әр түрлі тағамдар пісіреді.

Қатырған уыз - уызды бүйенге, ащы ішекке немесе металл ыдысқа кұйып, қайнап жатқан судың ішіне салып пісіреді. Бір бұрқ етіп қайнағанда ыдысқа құйылған уыз шеміршектеніп қата бастайды. Одан соң оны ыдысымен бірге ыстық судан алып, салқын суға салады. Сонда уыз қайнап піскен жұмыртқадай болып шығады. Қатырған уызды сүр еттің үстіне турап салады. Төлбасы (алғашқы төл) туған күні соғымның етінен, шұжық асып, уыз қатырып, көрші-қолаңды шақыратын дәстүр болған.

Пісірілген уыз - уызға сүт қосып сұйылтып пісіреді. Уыз іріп кетпеу үшін оны ожаумен сапырып отыру керек. Уызға тары салып пісіруге болады.

Уыз шайға құюға жарамсыз. Сондықтан оны қайнатып, сусын ретінде ішеді. Бір апта немесе он шақты күн өткен соң малдың сүті сұйылып, кәдімгі қалпына келеді.

Түйенің уызына тайлақты түйенің сүтін қосып, іріп кетпеу үшін сапырып отырып пісіреді. Түйенің сүті басқа малдың сүтінен гөрі қоюырақ, калориясы көбірек болады. Бұзаулағанынан екі-үш күн өткеннен кейін сиырдың уызынан кейбір өңірлерде ірімшік жасайды.

Ал қойдың, ешкінің уызын бүйенге құйып, кәдімгі қазы секілді суға салып қайнатады. Сондықтан қой сойғанда оның бүйен ішегін уызға деп алып қойғаныңыз жөн. Ішекте пісірілген уыз қоюланып қалады. Етсіз қонақ жөнелте алмайтын апаларымыз қонақтарына соғымнан қалған сүрмен қосып, ұсынады»

Уыздың нәрлілік қасиеті кәдімгі сүтті екі орап алады. Уыз құрамында антиоксиданттар өте көп. Сондықтан ол ағзаның қорғаныш қасиеттерін арттырып, ас қорыту жүйесін ретке келтіреді. Анасының уызын тойып емген төл мықты болып өсіп, тез ширайды. Сондықтан қазақта «уызына жарымаған» деген сөз қалған. Бұл әлсіз және ауыршаң балаларға және төрт түліктің әлсіз төлдеріне де қатысты айтылады.

Сиыр сүтінен жасалған уыздың адам ағзасына пайдасы өте зор. Атап айтсақ, төмендегі аурулардың алдын алады:

Имуннитетті нығайту

Шаршағанды басады

Аллергия

Астма

Күйзелістен арылтады

Альцгеймер ауруы

Бас ауруы

Ұмытшақтық

Фарингит

Өкпенің қабынуы

Синусит

Отит

Диарея

Дисбактериоз

Кандидоз

Қант диабеті

Гипогликемия

Артрит

Остеопороз.

Байқағанымыздай, уыздың емдік қасиеттері баршылық. Қазіргі кезде пайдалылығын білсе де, уызды үй-үйлерде өте сирек дайындап жүр.

Ал шетелдік ғалымдар болса уыздың мың түрлі дертке дауа екенін білген соң-ақ оны кәдеге асыра бастаған. Қалай дейсіздер ғой? Кәдімгі сиырдың сүтінен жасалған уыздан дәрі-дәрмек жасады. Капсулаға салынған уыз биологиялық белсенді қоспа ретінде түрлі елдерге таралып сатылуда. Оның ішінде Қазақстанда да сатылып жатыр. Бағасы да арзан емес, 60 капсула 4700 -5000 теңге шамалас.

Ол туралы іздестіре келсек, қазақ қасиетін ерте заманнан білген уызды Англияда 1981 жылы Гил есімді дәрігер оның пайдасын жаңалық ретінде жариялапты. Ол ол ма, 1983 жылы Нью-Йорк мемлекеттік университетінің ғалымдары уызды «менингит, бронхит, пневмония, кандидоз, холера, диарея, дизентерия, дифтерия, полиомиелит» сынды ауруларға қарсы ем ретінде пайдалануға болатынын айтты. 1995 жылы Швециядағы Ульмея Университетінің мамандары уыз асқазан жарасын емдеуде бірден-бір қолданатын тағам деп атады.

Біз білетін уыздың қасиеттері, міне, осындай.

Дереккөз: inform.kz