Дәрі қорабы – әрбір үйге қажет зат. Осы уақытқа дейін оны қолданудың қажеттілігі болмаса, әрине, жақсы, бірақ ертең не болатынын ешкім білмейді. Кездейсоқтықты ешкім күтпейді, бірақ одан ешкім сақтандырылмаған. Үйде дәрі қорабын ұстаудың 5 ережесін ұсынамыз.
1-ереже. Дәрі қорабын баланың қолы жетпейтін жерде сақтау.
Балалар қызыққұмар болып келеді. Олар бәрін ұстап, ашып көргісі келеді. Кішкентай балалар болса, тіптен, бәрін аузына салып көру арқылы зерттейді. Дәрілер тұратын контейнердің аузы құлыпталатын болғаны жөн. Яғни, оны бала тауып алғанның өзінде ол оңай ашылмауы керек. Тоңазытқышта сақталуы керек дәрілерді бөлек ыдысқа салып, тоңазытқыштың ең жоғарғы сөресіне қойыңыз.
2-ереже. Дәрінің нұсқамасы мен қаптамасын лақтырмау.
Егер отбасыда баланың немесе ересек адамның жағдайы нашарласа, таныс дәрі болса да, оның ішу мөлшері сол сәтте есіңізге түспеуі мүмкін. Кейде дәрі ыдысында оның жарамдылық мерзімі немесе атауы дұрыс көрінбеуі мүмкін. Сондықтан оның қорабын лақтырмаған жөн. Егер дәрінің нұсқамасы қол астында болмаса, ғаламтордан іздеп көрсеңіз болады.
3-ереже. Дәрі қорабын уақытылы тексеру.
Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілер ағзаға зиянын тигізеді. Сондықтан, жылына бірнеше рет дәрі қорабын тексеріп, реттеуді әдетке айналдырыңыз. Кей дәрілерді ашқан соң ұзақ сақтауға болмайды. Мысалы: көз тамшылары.
4-ереже. Дәрі қорабында тек қажетті құралдарды сақтау.
Дәрі қорабына дәрілік құралдарды алу кезінде алдын ала барлық ауруды ойлап, толтырып сатып алудың қажеті жоқ. "Керек болып қалса" деген оймен алмаңыз. Үйде алғашқы көмекке қажетті құралдар ғана болуы керек. Ол тізімге қызу түсіретін, күйікке, жәндік шаққанға, асқазан жұмысының бұзылуына, мұрын бітелгенге керек құралдар кіреді. Алдын ала антибиотиктер алып қоюдың қажеті жоқ. Себебі оны тек дәрігер ғана жазып бере алады. Әрине, термометр, йод, бинт, мақта, медициналық маска және жасыл дәрі туралы ұмытпаңыз.
5-ереже. Дәрі қорабы ойыншық емес.
Баламен дәрігер болып ойнағанда дәрі қорабын ойыншық ретінде қолданбаңыз. Шын дәрі ыдыстарын балаға тіпті, олар бос болса да ойыншық ретінде бермеңіз. Ол жағдайға ойыншық жинағын сатып алып беріңіз.
1 жасқа дейінгі балаға керек ойыншықтар