Қазіргі таңда өмірді ұялы телефонсыз елестете алмаймыз. Тіпті ол өміріміздің бір бөлшегіне айналып кетті десек те қателеспейміз. Смартфондардың басты тиімділігі — кез келген уақытта пайдалана бересіз. Алайда оны дұрыс пайдаланбасаңыз, кейбір ауру түрлерін шақырып алуыңыз да мүмкін. Әсіресе жолда жүргенде, қоғамдық көліктерде смартфонды пайдалану — зиян.
Смартфонға тәуелді болмаңыз
Смартфон — ешқашан жалықтырмайтын серік. Қолымыз босай қалса, бірден шүйілеміз. Көбіне адамдар қоғамдық көліктерде смартфондарына үңіле қарап отырады. Бүгінде бұл көзге таңсық емес. Мұны смартфонға тәуелділіктің бір көрінісі деп айтсақ та болады. Жақында Ұлыбританиядағы Лафборо университетінің сарапшылары көліктерде ұялы телефонды қолдану – қан қысымына әсер ететінін мәлімдеді. Ал әр келген хабарлама адамның көңіл-күйі мен жүйкесіне салмақ түсіреді екен. Сондықтан да көлікке отырар алдында смартфонды өшіріп немесе дыбыссыз күйге қойғаныңыз абзал.
Смартфонға үңіле қарау – арқаға артық салмақ түсіреді
Қоғамдық көліктерде смартфондарына үңіле қарап отырған жандарды күнде көріп жүрміз. Негізінен көп уақыт ғаламтор мен әлеуметтік желілерде отыру, түрлі ойындар ойнау — омыртқаңызға қосымша салмақ түсіреді. Өйткені, смартфоныңызға арқаңызды бүге қарайсыз. Оның алдын алу үшін телефонды кеуде деңгейінде немесе одан жоғары ұстаған жөн. Бұл артқы қабырға, мойын ауырсынудың және бүкір болып қалудың алдын алады.
Смартфон – бактериялар көзі
Аризона университетінің (АҚШ) микробиологтары бактериялар әжетханаға қарағанда ұялы телефонда он есе көп екендігін алға тартып келеді. Түрлі қоздырғыш бактериялар дертіңізге жамау болуы да мүмкін. Сондықтан смартфоныңызды пайдаланар кезде қажетті жабдық ретінде экранға арналған және бактерияға қарсы сүрткіштерді жаныңызға ала жүріңіз.
Смартфон көз жанарыңызды талдырады
Ұйқыдан ояна сала телефонға қарайтынымыз жасырын емес. Әр күнімізді кішкентай экранға телміруден бастаймыз да, жұмысымыз басталмай жатып көзімізді шаршатамыз. Сондықтан таңертеңгілік ұялы телефоныңыздың жарығын азайтып, мәтін қаріпін ұлғайтып, көзіңізден кемінде 40 см алшақ ұстаңыз. Бұл көздің талмауына қарсы амалдың бірі.
Ұялы телефонды жол үстінде пайдаланғанда, жүрек айну мен құсу көп кездеседі екен. Мұны сіз бірден сезбеуіңіз мүмкін. Сондықтан да көлікте жүргенде смартфоныңызды бір сәт естен шығарғаныңыз абзалырақ, тым құрығанда сәт сайын қарай беру жиілігі 15 минуттан көп болмауын қадағалаңыз.