Ұлыбританияда анықталған коронавирустың жаңа түрі өте жұқпалы екені айтылды, бұл хабар көпшілікті алаңдатып отыр. Жаңа эпидемияның таралуынан сақтанған кейбір елдер Ұлыбританиямен әуе қатынасын уақытша тоқтата бастады. Коронавирустың мутацияға ұшыраған бұл түрі расымен қауіпті ме?
Коронавирус – бұл кішігірім РНҚ молекуласымен ұсынылған генетикалық материалдың бөлігі. Бұл молекула тұрақсыз болғандықтан, үнемі өзгеріп отырады. SARS-CoV2 коронавирусы айына кем дегенде екі рет мутацияға ұшырайды, яғни Қытайдың Ухань қаласында пандемия басталғаннан бері кемінде 20 рет өзгеріске ұшырады.
"Британдық" коронавирустың бүгінде біздің елде болу-болмауын болжауға болады. Алайда бұл елмен әуе қатынасқа қойылған шектеулерді ескерсек, әзірге болуы екіталай. Осыған орай, коронавирустың мутацияға ұшыраған түрін анықтай аламыз ба және де жасалып жатқан вакциналардың оларға қарсы тиімділігі бола ма деген сұрақтар туындайды.
Қолданылатын диагностикалық тесттер негізінен коронавирустың тікенді ақуызын анықтауға бағытталған, білетініміздей оның көмегімен ол адам ағзасына енеді. Аздаған мутация бұл ақуызды көп өзгерте қоймайды, сондықтан олардың диагностикалық тесттің дәлдігіне айтарлықтай әсер етуі екіталай. Бұл вакциналарға да қатысты, олардың көпшілігі коронавирусқа қарсы иммундық жауап қалыптастыру үшін бірдей тікенді ақуызды пайдаланылады. Алайда, болашақта мутациялар қаупі туындау мүмкіндігін ескере отырып, вирустың жаңа түрлеріне тез бейімделе алатын вакцина технологияларына инвестиция жасаған дұрыс. Бұл тұрғыда матрицалық РНҚ технологиясының болашағы зор, ол барынша икемді және тиімділігі жоғары.
Жалпы, мутация вирустардың агрессивті бола бастағанын білдірмейді. Ол тез жұқпалы болғанымен, өлім қаупін аз тудыруы ықтимал.
Вирус – табиғаты бойынша паразиттер. Олар жеке өмір сүре алмайды. Вирус жұқтырған науқас қайтыс болған жағдайда, сол уақыттан бастап вирустар да жоғалады. Сондықтан вирустар үшін «қожайындарының» өлімі қолайсыз саналады. Ол өздігінен өмір сүріп, адамдармен бірге күнелту үшін мутацияға ұшырайды. Яғни, бұл – қалыпты эволюциялық процесс.
Дәрігерлер коронавирусты тікелей бұза алатын моноклоналды антиденелер коктейлін қолдана бастаған сәттен бастап, коронавирустың мутациялануы жылдам бола түскендей. АҚШ президенті болған Дональд Трамп Regeneron компаниясының дәл осындай "коктейлімен" емделген еді.
Коронавирустың мутациялық процесі вакцинация кезеңі басталған кезде одан әрі үдеуі мүмкін. Уақыт өте келе, COVID-19 тұмау сияқты маусымдық инфекцияға айналуы да әбден мүмкін.
2003 жылы генетикалық материалдардың жиынтығы саналатын геномның құрылымы толығымен айқындалған еді. Бүгінде адамның геномы қырық алты хромосомаға шашырап кеткен үш миллиард молекулалық бірліктен құралатыны белгілі болып отыр. Осы генетикалық бірліктердің реттілігі біздің бір-бірімізден, сондай-ақ Жер шарындағы басқа тіршілік иелерінен айырмашылығымызды анықтайды. Белгілі болғандай, біздің геномның тек 2 пайызы ғана осындай ерекшеліктерге жауап береді, ал қалғандары бір қарағанда мақсаты мен мағынасынан айырылған молекулалардың түсініксіз тіркесімі екен.
Жақында адам геномының осындай мағынасыз бөліктерінің 10 пайызға дейінгі бөлігі көне вирустардың қалдықтары екендігі анықталды. Олар бір кездері біздің ата-бабаларымыздың генетикалық құрылымына еніп, осылайша бүгінге дейін сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа генетикалық жолмен беріліп отырды. Адам геномына енетін вирустар белгілі бір жағдайларда олардың генетикалық сипаттамаларын өзгертіп, ауру тудыратын қасиеттерін қайта жандандыра алатынын елестету қиын емес. Сондықтан да болашақ пандемиялық қауіп-қатерлерге әрқашанда дайын болуымыз керек.
Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры
Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.