«Ұлттық ауру» дегенді білесіз бе?

«Ұлттық ауру» дегенді білесіз бе?
Фото: Город Ставрополь — 1777.Ru

Денсаулық саласын зерттейтін ғалымдар кей дерттердің белгілі бір ұлт өкілдері арасында жиі кездесетінін анықтап отыр. Оның адамның ата-тегінің тіршілік еткен ортасына, қалыптас­қан өмір салтына сай туындап, кейін ұрпаққа беріліп отырады екен. Ғылымның осы ерекше саласы бүгінде «этногеномика» деп аталады.

Жаңылыстыратын дерт

Мысалы, ата-бабалары Жерорта теңізі аумағында өмір сүрген армян, араб, сефарди еврейлерінде жиі қайталанатын перитонит, плеврит, перикардит ұстамалары мен ушығулары кездеседі. Бұл дертті «отбасылық», «же­рортатеңіздік қызба», «армян ауруы», «еврей ауруы» деп те атайды. Оның туындауына аталған халықтар генінде кезігетін амилонд ақуызы себеп болады. Ол ішкі ағзада іркіліп, органдарды зақымдайды. Ұрпаққа ата-анасынан беріледі, бұл ақуызды түзетін мутант­ты геннің тасымалдаушысы сырт қарағанда сап-сау болып жүре береді. Қауіп­тілігі – бүйректі бүлді­руінде, сондай-ақ соқырішек ұстамасы сияқты сипатта болуында. Кей дәрігер­лердің қателесіп, науқастың құрсақ аумағына ота жасауы да осыдан болып тұрады.

Қаназдық

Талассемия деген дерт бар. Әзір­байжанда жиі кездеседі. Сондай-ақ Грузия, Армения, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінде бой көрсететін кездері бар. Гемоглобин түзетін гендердегі қалыпсыздық. Үлкен талассемия (Кули ауруы) сәби кезде басталады, одан тірі қалатындар сирек. Кіші талассемия – жеңілдеу түрі, ол Италия мен Грекияда да кездеседі.

Тағы бір түрі – орақ пішінді жасушалық анемия – Орталық Африка, Әзір­байжан, Дағыстан тұрғындарына тән. Қанда билирубин көп, өтте тас түзі­леді, адам жиі суықтайды, онда тромб түзіледі, буындары бүлінеді.

«Орысқа майдай жағады, жапонның жанын алады»

Осындай сөз бар. Ішімдік туралы. Орыс ұлтының қан құрамында қандағы ал­когольді ыдырататын ферменттер бар. Ал Қиыр Шығыс пен Корея, Жапония сияқты ел тұрғындарында ондай ферменттер аз, сондықтан ішімдікті аз ішсе де тез мас болады, тіпті уланып та қалады. Сонымен қатар, Азия халықтарында этил спирті құрамындағы аце­таль­дегидті тез сүзіп алатын гендік мутация бар. Осы себепті оларда араққа аса құмарлық жоқ. Өйткені жүрек айнуы, бауыр көтерілуі, бас ауырып, айналуы, әлсіреу оларды қатты қинайды. Ал осыған да қарамай, өзін-өзі қинап іше берсе, олар тез арада маскүнемге айналып шыға келеді, одан айығуы неғайбыл.

«Климат ауыстыру» деген жай сөз емес

Кей дерттер адамның тұрғылықты жерінің ерекшелігіне де байланысты болады. Мұны ресми медицина да растайды. Мысалы, Солтүстіктегі елдерде депрессияға шалдығу жиі кездеседі, оларда маскүнемдік, өзіне қол салу көп. Ал Оңтүстік  тұрғындарына жұқпалы және паразитарлық аурулар тән.

Топырақ құрамында селен аз жерлерде «Кешан ауруы» деген бар, ағзада селен жетіспегеннен жүрек зақымданады, жүрек жетіспеушілігі туындайды. Алдын-алу үшін үнемі натрий селенін қабылдап жүру керек.

Сондай-ақ кей аумақтарда топырақта, суда йод жоқ. Сондықтан онда эндемикалық зоб (қалқанша без ұлғаюы) жиі кездеседі. Оның да алдын-алу үшін тағам құрамына йоды мол азықтарды қолданған дұрыс.

Бойын өсірмей, терісі қатпарланып қалады

Азық құрамында кей қажетті заттардың жетіспеуі түрлі дерттерге себеп болады. Мысалы, Африканың, Үндістанның, Орталық және Оңтүстік Американың кей аумақтарында «Квашиоркор» деген ауру бар. Ол азық құрамында ақуыз аздығынан туындайды. Адамның бойы өспей қалады, қаны азаяды, терісі бүлініп, қатпарланады, шашы түседі, үнемі домбығып ісініп жүреді.

Азияда «Бери-бери» деген ауру бар, тазартылып, өңделген күрішті жиі тұты­нудан туындайды. Ол жүйке жүйесін бүлдіреді, оның сезімталдығын өзгертеді, салдандырады, аяқ-қолды, әсіресе саусақтарды бүлдіреді.

Қан қысымы дегенді білмейді

Кейбір аумақ тұрғындары қан қысымы дегеннің не екенін білмейді. Мысалы, Жаңа Гвинея, Соломон аралдары аумағында ас тұзы дефицит. Сондай-ақ құрамында калий бар азықтар аз. Міне, осы адамдар қан қысымының қалыпсыздығы дегенді біл­мейді екен.

Ал асқа теңіз суына пісірілген балық жейтіндер арасында гипертония жиі кездеседі. Ас тұ­зын шамадан тыс қолданатын елдерде инсульт жиі кездеседі екен.

Қатерлі ісік көп

Аустралияда тері қатерлі ісігі жиі кездеседі. Аборигендерге аса зияны жоқ күн сәулесі бас­қа аумақтан қоныс аударған ақ нәсілділер үшін қатерлі. Сақтанып жүрмесе, тері қатерлі ісігіне ұшыратуы әбден мүмкін. АҚШ пен Ресейде де бұл дерт жиі кездеседі.

Өңеш пен асқазан қатерлі ісігі өткір дәмді, тұзды, ыстық ас­қа құмар Кавказ бен Орта Азия тұрғындары арасында жиі кез­деседі. Сондай-ақ мұндай кесел крахмалы көп, ақуызы аз тағамды көп ішетін елдерде де көп. Мысалы, Жапонияда, Ресейде ерлерде өкпе обыры, әйелдерде омырау обыры көп кездеседі. Сүт безінің обыры көп бала туатын әйелдерде (Орта Азия, Кавказ) өте аз кездеседі, баланы аз туатын әйелдерде (Батыс Еуропа, Ресей) ол көп байқалады. Сонымен қатар, жұмыртқа безі обыры, керісінше, Батыс Еуропа мен Ресейден гөрі Орта Азия мен Кавказда жиі кездеседі.

Жатыр мойны обыры ерлерін бала кезде сүндеттететін елдер­де өте сирек кездеседі. Басқа елдерде ол жиі бой көрсетеді. Себебі еркек мүшесінің  тері астында бөлініс­терден қалған заттарда уландыратын ерекшелік бар, ол еркектен әйелге өтеді.

 zamana.kz

Н. Үсенова