Қытайдың Ухань қаласында коронавирустың жаңа түрін емдеуге арналған уақытша аурухана 10 күнде cалынды. Аурухана 3 ақпаннан бастап науқастарды қабылдай бастайды.
“Хошэньшань” ауруханасы мың адамға есептелген. Аурухананың құрылысы 23 қаңтарда кешкі уақыт басталып, 3 ақпанда аяқталады деп жоспарланған еді. Содан кейін пациенттерге арналған тағы бір үлкен аурухана салу туралы шешім қабылданды.
“Лэйшэньшань” аталатын екінші аурухана 6 ақпанда аяқталады деп жоспарлануда. Аурухананың жалпы ауданы – 60 000 шаршы метр. Оның 51 мың шаршы метрі карантин жағдайында пациенттерді орналастыруға арналады. Екінші аурухана 1600 науқасқа есептелген. Қалған 9000 шаршы метр дәрігерлерге бөлінеді.
Қытайдан басқа елдер короновирусқа қарсы қандай шара қолданып жатыр?
Екі аурухананы 2003 жылы сәуірде атипиялық пневмония кезінде Бейжіңде салынған “Сяотаншань” ауруханасының үлгісімен салу туралы шешім қабылданған.
Қытай президенті Си Цзиньпин “Хошэньшань” ауруханасына 1400 әскери дәрігер жіберілетінін мәлімдеді. Бұл жерде негізінен коронавирус диагнозы қойылған науқастар емделеді. Ауруханада интенсивті терапия, жалпы емдеу, жедел көмек, инфекциялық бақылау және диагностика бөлімшелері бар.
Сонымен қатар, ауруханада стационардағы эпидемиологиялық жағдайды бақылау және басқару үшін 15 маманнан тұратын арнайы топ құрылады.
“Хошэньшаньға” жіберілген дәрігерлердің көпшілігі Сяотаншань ауруханасында атипті пневмония эпидемиясы кезінде немесе Сьерра-Леоне мен Либерияда жұқпалы ауруларды емдеуде мол тәжірибесі бар мамандар.