- Негізгі бет
- Денсаулық
- Тізе ауырса не...
Тізе ауырса не істеген жөн – 6 сауалға жауап
Отырып-тұрғанда тізе сықырлап, қытырлап кететіні бар. Кейде сыздап, күн суықта сырқырап ауырады. Мұндай жағдайда не істеу керек? Сол сауалдарға жауап іздеп көрейік.
Тізе қытырласа зиян ба?
Жоқ, тізенің қытырлап, сары су сықырлаған сияқты дыбыс шығуы қалыпты. Бірақ қытырмен бірге ауырсыну, қақсау сынды белгілер болса, онда қауіп басқа. Бұл – патологияның белгісі. Мұндайда дәрігерге қаралып, себебін білу қажет.
Тізе қақсаса, не істеймін?
Ең алдымен, тізе неден ауырсынып, неден қақсағанына мән беріңіз. Жүргенде ме, отырып-тұрғанда ма әлде жүк көтергенде ме... Кейде тауға шыққанда, марафон жүгіргенде тізе ауырып, кейде қақсауы мүмкін. Ондайда біраз демалыңыз. Қабынуды басатын дәрі жағыңыз. Ал бірақ ащы ауырсыну кетпесе және жүріп-тұрғанда үнемі ауырса, онда дәрігерге қаралып, МРТ-ға түсіру қажет.
Дәрігерге барарда мына нәрселерге мән беріңіз:
- Тізе қай кезде ауырады, қатты салмақ салғанда ма, баспалдақпен көтірелгенде ме, жүріп-тұрғанда ма...
- Қай тізе ысып ауырады;
- Буынды уқалаған кезде, тізе ауыра ма әлде жоқ па;
Міне, осыны біліп алып, дәрігерге бәрін айтыңыз.
Спортпен айналысқан адамның тізесі "құртылатыны" рас па?
Жоқ. Керісінше, спорт мен қимыл-қозғалыс буын-сіңір жұмысын жақсартып, тізеге күш береді. Бірақ бір нәрсені ескерген жөн. Тізеге қатты ауырлық түсіруге болмайды. Спортпен ақырыңдап айналысқан абзал. Тізе мен буынға спорттың өзі емес, оське түсіретін күштің әсері зиян келтіруі мүмкін. Мәселен, жүгіруге шықтық деңіз. Бірақ жүгіруге шыққан аяқ киім дұрыс болмауы мүмкін. Жүгіретін адамның көбінен остеоартрит шығып жататыны содан.
Егер жүгіру дұрыс емес десеңіз, онда жаяу жүріңіз немесе скандинавия жүрісімен шұғылданыңыз. Ондайда тізеге түсетін күш аз болады.
"Тізе жас өткен сайын әлсірейді" деген рас па?
Жоқ, олай емес. Тізенің "жарамдылық мерзімі" жоқ. Егер дұрыс тамақтанып жүрсеңіз, қимыл-қозғалысыңыз мол болса, зиянды әрекеттерді (ішімдік мен темекі) тастасаңыз, жарақат алған жағдайда жылдам емдетіп жүрсеңіз, семірмесеңіз, онда тізенің күшін 120 жасқа дейін сақтауға болады.
Артрит пен остеоартрит семіздік пен тізеге күш түсіруден (футбол, ауыр атлетика, сноубординг сынды кәсіби спорт) пайда болады.
Дұрыс тамақтану дегеніміз – ақуызы мен майы, пайдалы элементтері мол тағам жеу.
Тізенің сіңірі мен буынын ауыстыруға бола ма?
Иә, ота жасап, жаңа буын салдыруға болады. Ота бір сағатқа созылады. Алты апта балдақпен жүріп, тізені жаттықтырады. Қалыпқа келгеннен кейін жүріп-тұруға, отыруға болады. Инфекция түсірмей, барынша абай болу қажет.
Қ. Слямбек