Тырнақ ұшының етті тесіп өсуі аяқ тырнақтарында жиі кездеседі. Тырнақтың мұндай зақымына үлкендер де, балалар да ұшырай береді. Оған әртүрлі жағдайлар себеп болады. Дегенмен мұны тез арада емдетіп немесе алдын алмаса, арты үлкен мәселеге айналуы мүмкін.
Бүгінде тырнақтың етке қарай өсуін оташылық жолмен емдейтіндер көп. Алайда жұлынған тырнақтың орнына шыққан жаңа тырнақ көбінесе сол бұрынғы тырнақтың ізімен ұшы етке қарай майысып, етті тесіп өседі. Сондықтан бұл ауруға бір ұшыраған адам оған қайта шалдығуы әбден мүмкін.
Тырнақ ұшының етті тесіп өсуінің басты белгісі бақай да, саусақ та ісініп, қызарып қатты ауырады. Науқас үсті жабық аяқ киім кие алмайды. Ұзақ уақыт тікесінен тік тұруы және қозғалып-жүруі де қиынға түседі. Ауруы елемеген жағдайда тырнағы зақымданған башайдың қатты ауырып және ісініп, талаурап, мүлдем өршіп кетеді. Ондайда тырнақтың түбі іріңдеп, көкшіл-қызыл түске енеді. Содан іріңді инфекциялық кеселге ұшырайды. Бұл жағдай бара-бара дене қызуының көтерілуіне соқтырады. Инфекция одан әрі дамып, ірің сүйекке шапқан жағдайда кесел остеомиелитке ұласады.
Басты себептері:
— Аяқ киімнің тар болуы немесе қатқыл матералдан жасалып, аяқты қажауы;
— Жалпақ табандық және табанда басқа да кеселдің болуы;
— Табанның тазқотыр (грибок) кеселге ұшырауы;
— Тырнақтың тұқым қуалайтын зақымдары;
— Тырнақты алған кезде оның ұштарына зақым келтіру. Түбінен алып тастау;
— Саусақтың, башайдың түрлі жұқпалы кеселдерге шалдығуы, жарақаттануы.
Тырнақ ұшының етті тесіп өсіп, саусақ пен бақайды іріңдетуі, әсіресе, қант ауруына шалдыққан, аяқтағы қан тамырлары зақымданған, қан айналымы бұзылған, денесіндегі ауруға қарсы тұратын күш әлсіреген науқасқа айрықша қауіпті. Ондайда бақайдың тырнағынан басталған кеселдің аяққа тұтас жайылып кетуі жиі кездеседі. Соның салдарынан тіпті кейде аяқтың зақымданған тұсын кесіп тастауға тура келеді. Етті тесіп өскен тырнақ ұшының зардабы бұлай ушықпауы үшін не істеу қажет? Әрине, тездетіп дәрігерге, яғни дерматолог немесе оташы маманға көріну қажет. Дәрігерге неғұрлым ертерек көрінсеңіз, емделу мен жазылу да соғұрлым жеңілге түседі. Алайда кеселді алдын алу немесе әрі қарай өршітпеу де өз қолыңыздан келеді. Ол үшін мына төмендегі талаптарды орындау керек.
1. Реті келген жердің бәрінде жалаң аяқ жүрген дұрыс.
2. Кешкілік ұйқыға жатар алдында аяғыңызға фурациллин немесе марганцовка езілген жылы судан ванна жасаңыз. Мұндай ваннаны түймедақ секілді дәрілік шөптерді қосып әзірлеуге де болады.
Кеселдің алдын алу үшін:
• Аяғыңызға қашанда қонымды, аяққа шақ аяқ киім киіңіз;
• Біз тұмсық аяқ киімдерден қашыңыз;
• Тырнағыңызды дұрыс алып үйреніңіз. Оны өзіңіз алсаңыз да, сән салондарына барып алдырсаңыз да ұшын етке кірмейтіндей етіп доғалдап алдыртыңыз;
• Аяғыңызды, табаныңызды басқа кеселден қашанда сақтауға тырысыңыз. Жылына 1 рет дерматолог дәрігерге көрініп, тексеріліп, тиісінше ақыл-кеңес алып тұрыңыз.
Есіңізде болсын, ауру асқынған жағдайда оны тек оташылық жолмен емдуге тура келеді. Етті тесіп өскен тырнақты қалпына келтіруге кейде лазер де қолданады. Бұл емнің артықшылығы зақымданған тырнақтың орны бір аптаның ішінде-ақ жазылып кетеді. Сонымен қатар бір емдегенннен кейін аурудың қайталануы сирек кездеседі. Сондай-ақ ауру тырнақты емдеуге радиотолқынды оташылық әдіс те қолайлы әсер етеді. Мұнда лазер ләулесінің орнын жоғары жиіліктегі радиотолқын алмастырады.