"Тыныштық керек!" немесе "Тыныштық берші!". Таныс сөздер, иә? Есіңізде болар, бәлкім өзіңіз де талай айтқан боларсыз. Адам бір қиналғанда жанына тыныштық іздей бастайды. Бақсақ, мұның пайдасы ұшан-теңіз екен.
Америкалық зерттеушілер шу мен музыка адамға қалай әсер ететінін анықтап көріпті. Анығында күйзелісті жеңу үшін күніне 5 минут тыныштықта тынықсаңыз жеткілікті екен. Зерттеудің нәтижесі Journal of Neural Engineering басылымында жарияланған.
Мамандар зерттеуі бойынша, ми қажетті ақпараттарды тыныш кезде тез "қорытады" екен. Егер музыка тыңдайтын болсақ, ол кейін де мида жаңғырып тұра береді. Тыныштық іздер алдында ән де, күй де, теледидар да көрмеген жөн. Тіпті смартфоныңызды сөндіріп қойсаңыз да артық болмайды.
Ғалымдар зерттеу нәтижесі бойынша өз қорытындыларын шығарған. Ірі мегаполистерде өмір сүретін адамдардың күретамырлық қысымы жоғары болады екен. Мұның барлығы айналадағы шуға байланысты. Олар үшін тыныштықтың түндігі түріліп тұрады. Оның әсерінен ұйқы да бұзылады. Ұйқының бұзылуы мен шу жүрек-қан тамырлары дертіне шалдықтыруы бек мүмкін.
Күйзеліс пен түрлі аурулардың алдын алу үшін күніне 5 минутыңызды тыныштыққа арнаңыз.