- Негізгі бет
- Денсаулық
- Тыныс алу аурулары...
Тыныс алу аурулары
Тыныс алу жүйесі – ағза мен сыртқы ортаның газ алмасу үрдісін қамтамасыз ететін тыныс алу жолдарының жиынтығы. Адам тіршілігіндегі маңызды жүйе. Жер бетіндегі тіршілік ететін тірі ағзалардың барлығы тыныс алу кезінде оттегін қабылдап, көмірқышқыл газын шығарады. Ағзаның әрбір жасушасының жұмысы (бұлшық еттердің жиырылуы, тердің, сілекейдің бөлінуі, қозудың берілуі) тыныс алу арқылы ғана жүзеге асады.
Тыныс алу мүшелері ауруларының барлығы дерлік ауа арқылы таралатын, жұғатын аурулар. Ол аурулар пайда болған мүшеге қатысты 3 түрге топтастырылған:
1) Мұрын аурулары: сасық тұмау, гайморит, ринит, полип, кеңсірік аурулары, т.б.
2) Көмей, кеңірдек және бронх аурулары: бронхит, тонзилит, ларингит, т.б.
3) Өкпе аурулары – плеврит, өкпе рагы, туберкулез, т.б.
Ауру себептері
Атмосфералық және өндірістік шаң-тозаң, газ, түтін, шөп, тоғай өртенгенде пайда болған түтін, күл, құмды жерде желмен көтерілетін және қала көшелерінен, жерден көтерілген шаңдар, өндірісте болатын шаң-тозаң әр түрлі завод-фабрикалардан, шахталардың қалдықтарынан көтерілген шаң тыныс жолының түрлі ауруларына себеп болады. Яғни физикалық, химиялық құрамы зиян шаң тыныс алу жолдаын жыбырлатып, тітіркендіріп, жөтелтіп, түшкіртеді. Шаңда ауру тудыратын түрлі микробтар болуы мүмкін. Шаң-тозаңнан мұрын бітіп, дауысы қарлығады, кейде өкпе ауруымен ауруы да мүмкін. Мәселен, туберкулез, тұмау, т.б.
Тыныс алу мүшелерінің аурулары инфекция түскеннен де пайда болады. Адамдар қолын жумастан мұрындарын шұқиды. Ондағы жабысқақ кілегейлерді қолдарымен алады. Ал мұрын қуысындағы жабысқақ кілегейдің өзіндік қызметі бар. Кірген ауа осы кілегейлер арқылы тазаланады. Мұрынды күнделікті арнайы сумен тазалап тұрған дұрыс. Егер мұрынды күнделікті тазаламаса, ірің пайда болады. Сонымен қатар мұрынға тиген соққылар кезінде де адамның тыныс алуы өзгереді. Қисайған мұрын, кеңсірікті хирургиялық жолмен түзеткенде тыныс алу жүйелері ашылады.
Тыныс жетіспеушілігі
Тыныс жетіспеушілігі медицинада арнайы қарастырылған. Оның алқыну, патологиялық тыныс және асфиксия деген түрлері бар. Тыныс жетіспеушілігінен адамда тұншығу ұстамасы жиі болады. Науқастың ауа жетіспегенде тырнақтары мен еріні көгереді, мойын тамырлары білеуленіп тұрады. Бала кезден басталып, өмір бойына жалғасуы мүмкін. Ол жұқпалы емес, алайда ата-анасы демікпемен ауыратын балаларда бұл ауру жиі кездеседі. Жылдың белгілі бір айында немесе түнінде өршиді.
Алқыну – адамда ауа жетпеу сезімімен қабаттасатын, тыныс алу қозғалыстарының тереңдігі мен жиілігінің, дем алу мен дем шығару уақытының, тыныс алу ырғағының өзгеруімен сипатталады. Ол үрейлену, қорқыныш, абыржу сезімдерімен қабаттасады. Алқыну түрлеріне терең және жиі тыныс (гипрепноз), терең және сирек тыныс (брадипноз), үстіртін жиі тыныс полипноз немесе тахипноз, инспирациялық және экспирациялық алқынулар жатады.
Тұншығуда (асфиксия) қанға оттегінің түсуі тоқтатылады, қаннан көмірқышқыл газы шығарылмайды. Ол тыныс алу жолдары қысылғанда, олардың саңылаулары бөгде затпен бітелгенде, өкпеге сұйық жиналғанда (суға тұншыққанда), кеуденің екі жағында ауаның немесе газдың жиналуы дамығанда болады.
Жасанды тыныс алу адам суға кеткенде, тоқ соққанда немесе газбен уланғанда есінен танған жағдайда жасалады. Яғни 5-7 минут ішінде жүрек пен өкпенің жұмысын қалпына келтіру қажет. Мұндай жағдайда жүрекке массаж да жасалады. Жасанды тыныс алдыру әрекеттерін неғұрлым ерте бастаса, соғұрлым ол оң нәтиже береді. Сонымен қатар аталмыш әрекеттер дұрыс және қалыпты жағдайдағы тыныс алу ырғағына сәйкес жүргізілуі қажет.
Тыныс жолы ауруларының басты белгілері:
— Тыныс алу қиындайды, мұрын бітеледі;
— Дене қызуы көтеріліп, әлсіздік пайда болып, дел-сал күйде болады;
— Кейбір ауруларда жөтел, құрғақ жөтел пайда болады;
— Тамағы құрғап, сөйлегенде қиналады;
— Қатты тер басады;
— Ұйқысынан шошып оянады;
— Ұрт жәе бет сүйек тұсы қысылып, кернеп, сыздап ауырады.
Емдеу шаралары
Ауру асқынған кезде жатып ем қабылдаған жөн. Науқас жатқан бөлменің ауасы құрғақ, таза әрі жылы болғаны жөн. Науқас С дәруменіне және белокқа бай күшті тағамдармен тамақтанып, тітіркендіретін ащы, аса ыстық немесе тым салқын тағамдарды, түрлі соустарды пайдаланбағаны дұрыс. Сонымен қатар ішімдік ішу, темекі тарту, ұзақ уақыт қатты дауыстап сөйлеу, айқайлаудан, т.б. аулақ бол,ан жөн. Тыныс жолы басталатын ауыз бен мұрын қуысын таза ұстау – емнің бастауы болып табылады.
Тыныс алу мүшелерінің қызмет ету деңгейіне дене еңбегі мен спорт әсер етеді. Терең дем шығарғанда олардың сыртқа айдалған ауасының құрамындағы көмірқышқыл газы 2 есе көп болады. Мұндай терең дем алу жүрекке «массаж» жасайды да, оның қоректенуін және физиологиялық қалпын жақсартады. Тыныс алу мүшелерін жаттықтыру, шынықтыру балалар мен жастардың тыныс мүшелері арқылы пайда болатын ауруларға қарсы тұру қабілетін арттырады.
Гигиеналық талаптар – ауасы таза бөлмеде ұйықтау, бөлмелерді желдету, таза ауада серуендеу, т.б. тазалықты сақтау мен ауызды, мұрынды шайып отыру дағдыға айналу қажет. Киім кию де дұрыс дем алу мен дем шығаруға әсер етеді. Сондықтан киім жеңіл, таза мақтадан, жүннен жасалған денені қыспайтын, қимыл-қозғалысқа кедергі келтірмейтін ықшам болғаны жөн.
Тыныс алу қиындаса, жоғарыда атап өткен белгілері байқалса, дәрігерге бірден көріну қажет. Өзім білемдікке салынып үй жағдайында емделмеу керек. Адамдардың өз денсаулығына деген жауапкершілігі мен ем алу мәдениеті жетілсе, сөзсіз ауру-сырқау да азаяр еді.
Н. Үсенова