Алдымызда күз. Ауадағы салқындық әсерінен немесе ауыспалы ауа райының салдарынан көптеген ауруларды қоздырушы вирустар күшейе түседі. Әсіресе, тұмаудың уақыты. Тұмаудан сақтану үшін жыл сайын екпе ектіреміз. Бірақ, осыған қарсы болатындар да бар.
Тұмауға қарсы екпе неге керек?
Егу жұмыстары – тұмаудан қорғайтын жалғыз сенімді қорғаныс жолы.
Тұмау – адамнан адамға тез жұғатын, вирусты инфекция. Сырқаттанған жағдайда: температураңыз 38 °С-тан жоғары болады. Буыныңыз бен бұлшық етіңіз сырқырайды, басыңыз қатты ауырады. Жөтелесіз, мұрныңыз бітеледі.
Тұмауға қарсы арнайы дәрілер аз: антибиотиктер вирусты жоюға қауқарсыз, ал кейбір дәрілерді қолдану тиімсіз. Тұмауды асқындырып алудан жылына 500 мыңға жуық адам қаза табады.
Екпе қалай әсер етеді?
Барлық вирус пен бактерияның құрамында нәруыз болады. Біз үшін бұл нәруыздар – антиген. Бұлар біздің денемізге түскен бойда иммундық жүйеміз антиденені бөле бастайды. Яғни, осылайша антидене инфекцияны құртады.
Вакцинаның құрамында инфекцияның өлі қоздырғыштары болады. Денеге енген соң, иммундық жүйе оны инфекция ретінде қабылдап антидене бөле бастайды.
Егер сіз вирус жұқтырып алсаңыз, иммундық жүйеңіз оған тез қарсы жауап қайтарады. Өйткені, антидене алдын-ала дайын болады. Сол себептен, ауру қозбайды немесе мүлде байқалмастан өте шығады.
Екпе әрқашан көмектесе ме?
Екпенің тиімділігі орташа есеппен 70-80%-ға тең. Қарап отырсаңыз, үлкен көрсеткіш емес. Бірақ, оның себептері бар:
• Тұмаудың вирусының түрі көп. Ол тез мутацияға ұшырайды. Екпе сізді тек нақты вирустың түрінен ғана қорғай алады. Ал, сирек кездесетін түрінен қорғауға қауқарсыз болуы мүмкін.
• Екпенің түрі көп. Соған сәйкес, оның әсері де әртүрлі.
Екпе егілген соң тұмаумен ауырсаңыз, ол асқынуға жол бермейді. Сонымен қатар, екпе тек тұмаудан қорғайды. Сіз белгілері тұмауға ұқсайтын, басқа бір вирусты денеңізге жұқтырып алуыңыз әбден мүмкін.
Екпе жұмыстары кімге жүргізілуі керек?
• Балаларға және қарттарға. Олардың ағзасы тұмаумен күресуге жарамайды.
• Оқушылар мен студенттерге. Олар уақытын көп адамдардың ортасында өткізеді.
• Қоғаммен жұмыс жасайтын ересектерге: дәрігерлер, мұғалімдер, сатушылар.
• Созылмалы дертке шалдыққан адамдарға. Тұмау олардың дертін асқындырып жіберуі әбден мүмкін.
Екпелер қауіпсіз бе?
Иә, мүмкіндігінше қауіпсіз. Барлық өнімнің қарсы көрсетілімі бар. Олар екпенің түріне байланысты. Ең қауіпсізі – ине арқылы егілетін екпелер.
Ал, спрей арқылы егілетін екпелердің қауіпсіздігі басқалармен салыстырғанда төмен.
Салдары қандай болуы мүмкін?
Басты қауіп – аллергия. Егер бұрындары екпеге байланысты қиындықтар туындаған болса, бас тартыңыз.
Сонымен қатар, өте сирек кездесетін қауіп ол – жүйке жүйесінің істен шығуы.
Температураңыз 37,5 °С дейін көтеріліп, қызару, аздап ісу бұл – қалыпты реакция. Яғни, сіздің иммундық жүйеңіздің түзіліп жатқандығын білдіреді. Жағымсыз, әрине, бірақ бір-екі күнде қайта қалпыңызға келесіз.
Екпені қашан ектірген дұрыс?
Қараша айының ортасына дейін жасағаныңыз дұрыс. Өйткені, екпеден соң ағзада иммундық жүйенің қорғаныш қабілеті ояну үшін 2 аптадай уақыт керек. Тұмаудың асқынатын шағы күз айлары мен қыстың басы және көктемнің алғашқы күндері.
Деніңіз сау болсын!