Тұмаудың алдын алу

Қыс мезгілінде тұмауратқан кісілердің көбейіп кететіні белгілі. Оның алдын алып, сақтана білген жөн. Тұмау – бұл жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) тобына кіретін вирус арқылы туатын жіті ауру. Қазақстанда жыл сайын эпидемиологиялық кезеңде ЖРВИ-мен және тұмаумен 800 мыңнан 1 миллионға дейін адам ауырады. Тұмауратқан адамдардың саны артқан сайын, тұмаудың асқынуы да өршиді, бұл – заңдылық.

Тұмау вирусы барлық елдерде және құрлықтарда таралған. Қысқы айларда сырқаттанушылық адамдардың жұмыс орындарында, мектептерде, балабақшаларда және қоғамдық көлікте тығыз байланыста және өте белсенді болады. Вирустар ауадағы белсенділігін төрт сағатқа дейін сақтайды. Олар төмен температураны «жақсы көреді» – плюс 4°С-ге жуық температура (тұрмыстық тоңазытқыштағы жағдай) оңтайлы болып табылады. Яғни осы температура кезінде вирус ұзақ сақталады. Сілекей мен қақырық тамшыларында болатын тұмау вирусы, осы тамшылар төсек-орында, жұмыс үстелінде және тағы басқа жайларда кепкен соң және оларға сіңгеннен кейін екі аптаға жуық, ал бөлме шаңында бес аптаға дейін белсенділігін жоғалтпайды!

Бөлмелерді жиі желдетіп тұруды ұмытпаған жөн. Жоғарғы тыныс жолдарына түскен кезде вирус жасушалардың қабықшаларын зақымдап, оның ішіне кіреді. Жасушалардың ішінде вирус тез көбейеді. Олар жоғарғы тыныс алу жолдарынан шыққаннан кейін жасушалар бұзылады. Тұмаудың алғашқы симптомдары – мұрынның бітелуі және тамақтың жыбырлауы осыған байланысты. Жасушалардан шыққаннан кейін кейбір вирустар қанға өтеді және қанмен бірге ары қарай бүкіл организмге таралады. Және де қан тамырларын және ішкі органдарды зақымдайды. Қан тамырларының өзгерістері өкпеде және мида байқалады. Тұмау вирусы адам ағзасының иммунитетін төмендетеді. Инкубациялық кезең бірнеше сағаттан бастап 2-3 күнге дейін созылады.

Тұмаудың жеңіл түрімен ауыру ұзақтығы – бір апта. Дене қызуының 40 градусқа дейін көтерілуі, қалтырау, әлсіздік, көз қарығу, буынның және бұлшық еттің, бастың және тамақтың ауруы, жөтелу, мұрынның бітелуі аурудың негізгі белгілері болып табылады. Тұмаудың асқынуларына құлақ, тамақ, мұрын аурулары, жүйке жүйесіне байланысты асқынулар, сондай-ақ, созылмалы аурулардың: жүрек-қан-тамырлық, өкпе, бронх тарапынан, қант диабеті және эндокриндік жүйенің басқа да ауруларының өршуі жатады. 2 жасқа дейінгі балаларда, созылмалы аурулары бар және жасы үлкен адамдарда тұмау ауыр түрде өтеді. Сондай-ақ, ерекше қауіптілік тобына жүкті әйелдер де жатады. ЖРВИ және тұмау жүкті әйелдердің иммунды жүйесін де, эндокриндік жүйесін де бұзуы мүмкін. Мұндай жағдайда жүкті әйелдерде әлсіздік пайда болып, ұйқысы бұзылады және созылмалы аурулары өршиді. Жүкті әйелдердің тұмаумен ауруы жүктіліктің 12-аптасына дейін, яғни ұрықтың органдары мен тіндері қалыптасатын кезде өте қауіпті.

Тұмаудың жүкті әйелдерге қауіптілігі – түсік тастауына немесе мерзімінен бұрын босанып қалуына ұшыратады. Сонымен қатар, шала туудың жиіленуін көрсететін нақты мәліметтер бар. Өкінішке қарай, дер кезінде емдеу мекемесіне келмеген науқастарға қалыпты жағдайда жиі қолданылатын жекелеген препараттар көмектеспеуі де мүмкін. Балалар мен жүкті әйелдерді емдеу тек дәрігердің тағайындауы бойынша және дәрігердің бақылауымен жүргізілуі керек. Тұмаудың алғашқы белгілері байқалған соң, дәрігерді үйге шақырған жөн. Кез келген аурудың алдын алған дұрыс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) сырқаттанушылықты, асқынуларды және өлім-жітімді айтарлықтай азайтатын, халықты тұмаудан қорғайтын тиімді іс-шара ретінде тұмауға қарсы вакцинациялауды ұсынды. Тұмауға қарсы егілгендерде инфекция жеңіл өтеді, асқынулар мен өлім-жітім жиілігі азаяды. Қазақстанда жыл сайын тұмауға қарсы егілушілер саны өсіп отыр. Егілгендер арасында вакцинадан кейінгі асқынулар байқалмады.

Вакциналардың ДДҰ сертификаты бар және Қазақстанда тіркелген. Қазақстан Республикасының Президенті және Үкіметі аналар мен сәбилердің денсаулықтарын сақтауға көп көңіл бөлуде. «Саламатты өмір салты мен адамның өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілігі қағидаты, міне, осылар денсаулық сақтау саласындағы және халықтың күнделікті тұрмысындағы мемлекеттік саясаттың ең басты мәселесі болуы тиіс», – деді мемлекет басшысы. Қазіргі уақытта халықтың күтіліп отырған өмір сүру ұзақтығын ұлғайтуға, ана мен нәресте өлім-жітімін төмендетуге жету жолымен денсаулық жағдайын жақсартудың басым стратегиялық бағыттары белгіленді. Егілген жүкті әйелдердің ешбіреуінде вакцинадан кейінгі реакция асқыну тіркелмеді, сондай-ақ, вакцинадан кейін ешқайсысы ауырған жоқ. Дүние жүзінде тұмауға қарсы вакцинаның қауіпсіздігін көрсететін, жүктіліктің өтуіне және балаға теріс әсер етпейтін көптеген зерттеу жүргізілді. Тұмаудан сақтану үшін онымен сырқаттанушылар көбейген кезде халық көп жиналған орындарда болмауға, салқын тигізіп алмауға тырысу қажет және ауа райына сәйкес киіну керек. Сол сияқты, таза ауада серуендер алдында немесе көшеге шығар кезде мұрныңызға оксалин майын жағып алсаңыз, тұмау немесе басқа ЖРВИ вирустарының тыныс жолдарына енуі күрт төмендейді.

kazigurt-tinisi.kz