Суық тиіп, тұмау болсаң, барлық жоспарыңды кейінге шегеруге тура келеді. Тезірек айығудың жолын іздей бастайсың. Мұндайда ағзаға не көмектесе алады? Температура Тұмау болғанда температура көтеріледі. Дәрігерлер 38 градустан аспаған болса, температураны түсіруге көмектесетін дәрі-дәрмектерді ішпеуге кеңес береді. Себебі, температура тұмаумен күресіп, ағзаның тез сауығуына жағдай жасайды. Вирустарды жояды. Көбірек су ішу Тұмау болғанда, суық тигенде көбірек жылы су ішу керек. Ол лимон қосылған шай немесе кептірілген жемістердің компоты болсын, бәрібір. Бастысы, суды көбірек ішу маңызды. Сұйықтық ағзадағы вирустарды шайып, тезірек сауығуға көмектеседі. Тамақтанудан бас тартпау керек Салқын тигенде асқа да тәбет тартпайды. Бірақ тамақтанбай қоюға болмайды. Тамақ болмаса, ағзаға күш қайдан келеді? Сол үшін жеңіл тамақтар жеп, бойға күш-қуат жинау керек. Майлы тағамдардан бас тарта тұрған абзал. Асқазанға күш түсіреді. Тауық сорпасы, салат пен сұлы жармасы жеген пайдалы. Ұйқы Тұмау болғанда көбірек тыныққан да дұрыс. Ұйықтау арқылы ағзаның вирустар мен инфекцияларға қарсы күресіне көмектесе аласың. Біз айтқан тұмаудан тез айығудың төрт жолы қосымша кеңестер ғана. Ал бастысы дәрігерге көрініп, ұсынған дәрі-дәрмегін ішу маңызды. Деніңіз сау болсын!