Медицинаның дамыған заманында тісті ағартудың сан жолы бар. Бірақ, әлі де халықтық емдеу түрін үй жағдайында қолданатын жандар кездеседі. Мұндай әдістерді пайдаланғанда қызыл иек пен тіс эмаліне зақым келтірмейтінін біліп алғаныңыз абзал. Есте сақтайтын тұстары да жоқ емес.Себебі, халықтық емдеу тәсілдері арқылы тісті ағарту – оның ұзақ уақыт бойы аппақ болып жүруіне кепілдік бермейді.
Тісті ағартудағы халықтық емдеу тәсілінің бірі – ас содасы. Тіс мәсуегін (щетка) содаға батырып, тісті ысқылап жуады. Аздап тіс пастасын қосуға да болады. Бұл әдісті аптасына бір-ақ рет қолданып тұру жеткілікті. Себебі, соданы мөлшерінен артық қолдану тістің эмаль қабатын жұқартады. Эмаль жұқарған соң, тістің ыстық пен суыққа деген сезімталдығы артады. Сонымен қатар, қызыл иектің жиі қанауына да себепкер болуы мүмкін.
Тісті ағарту үшін сутек тотығын (перекись водорода) да пайдалануға болады. Ауызды тазалап болған соң тісті сутек тотығына батырылған мақтамен сүртеді. Бірақ, бұл тәсіл де сода сияқты тістің эмалін бұзады. Сондықтан бұл сұйықтықты ағарту үшін жиі қолдануға болмайды.
Халықтық медицинада ағаш күлі арқылы да тісті ағартудың тәсілі бар екен. Ол үшін тіс мәсуегін (щетка) ағаш күліне батырып, аздап пастамен араластыра тісті тазалайды. Ағаш күлінің құрамындағы калий тісті жақсы ағартатын көрінеді.
Құлпынай мен бүлдіргенді тісті ағартуда көбірек жеген пайдалы. Оның құрамындағы қышқылдар мен глюкозаның ағартатын қасиеттері бар. Сонымен қатар, аталған жемістерді жеп, шырынын ауызда ұстап тұру да – тіске пайдалы екен. Соңынан ауызды жылы сумен шайып тастау керек.
Ас тұзын кішкентай ғана дәкеге орап, жылы суға батырып, сонымен тісті ысқылап сүртуге болады. Бұл да тісті ағартудың бір тәсілі.
Негізінен тістің сарғаюына темекі, кофе, шай және шарап себепкер. Тістің сарғаюын асқындырады. Сондықтан бұларды ішкен, шеккен жағдайдан кейін міндетті түрде ауызды шайып жүрген дұрыс.
Сурет: slide.tech.sina.com.cn
Оқи отырыңыз
Тісті қорғау – денсаулық кепілі
Тісті тоздыратын әдеттер
Жағымсыз иістен арылу жолдары