Тіске зияны көп 7 өнім

Тіске зияны көп 7 өнім
Фото: mytrackers.ru

Бала кезде "кәмпитті көп жесең, тісің ауырады", "тісің түсіп қалады" дегенді көп естіген боларсыз. Бәлкім қазір өзіңіз де балаңызға осыны айтып жүрген де шығарсыз. Бірақ кәмпиттен де тіске зияны көп өнімдер бар. Оны да біле жүрген абзал.

Попкорн


zen.yandex.ru

Попкорн құрамындағы жүгері дәні тіс арасында қалып қойса, онда тістің етіне айтарлықтай зиян келтіреді. Үшкір ұштары тіс еті мен таңдайды жыруы да мүмкін. Попкорн жегенді қатты жақсы көретіндер барынша табиғи, яғни карамелі жоқ, түрлі түске боялмаған және тәттіге аз сыланғанын алғаны жөн. Ал жегеннен кейін міндетті түрде ауыз қуысын шайып, тіс тазалауды ұмытпау керек.

Кептірілген жемістер


agrobezopasnost.com

Кептірілген жемістер пайдалы тағам болғанмен, тісіміз үшін зияны баршылық. Ең алдымен кептірілген жеміс әсерінен тіс кіреукесі (эмаль) құртылады. Тісжегі болса, тіпті қиын. Тістің ойық жерінде тұрған қара өрік, қауын қағы, болмаса құрма қалдығы оның зақымдануын екі есе арттырады.

Кептірілген жемістер денсаулыққа пайдалы. Тек жегеннен кейін міндетті түрде тісіңізді тазалаңыз.

Тәтті кофе сусындары


west4.coffee

Тәттісі мол латте, капучино сынды кофе сусындарын жиі ішуге кардиолог та, диетолог та, стамотолог та қарсы. Денсаулыққа пайдасынан зияны басым. Дәл осы тәтті кофе сусындарын ішкеннен кейін 1 сағат бойы сілекей аз бөлінеді. Ал ауыз қуысындағы сілекей тістің басты қорғаны. Тіс 60 минут бойы «қорғансыз» қалады.

Шемішке


pixabay.com

Тіске зиян өнімнің бірі – шемішке. Тіс еті мен ауыз қуысына жарақат салуы мүмкін. Тіс кіреукесіне зиян. Әсіресе қаттылары тіске көп күш түсіріп, төзімділігін төмендетеді.

Лимон қосылған ыстық сусындар


zen.yandex.ru

Күн суықта лимон қосылған шайдың рахаты не жетсін? Бірақ тіске зияны бар екен. Қышқылдың көп болуы тіс кіреукесіне әсер етеді. Сондықтан қышқылы жоғары ыстық сусындарды ішкенде абай болып, болғасын ауызды шаю керек. Қышқылдан тезірек тазартқан абзал.

Энергетикалық сусындар


zen.yandex.ru

Денсаулығыңды ойласаң, энергетикалық сусындардан бас тартқан жөн-ақ. Ондай сусындар жүрек жұмысы, асқазан-ішек жолдары және зат алмасудың бұзылуына себеп болады. Одан өзге тіске де зиян. Энергетикалық сусындардың құрамындағы қышқыл мен қант аз уақыттың ішінде тісіңіздің сау-тамтығын қалдырмауы мүмкін.

Консервіленген жемістер


pinterest.ru

Консервіленген жемістерде пайдалы дәрумендер мен минералдар аз болады, есесіне құрамында қант көп. Ондағы қант қан айналым, зат алмасуға ғана әсер етпей, тіске де зиянын тигізеді. Жаңа піскен жемістерді көбірек жеуге тырысыңыз.

Н. Үсенова