Тіс сезімталдығы тістің құрттап, бұзылуының бірінші белгісі. Тісте шаншып ауыратын сезімталдық болашақта тісті жоғалтуға әкелмесін десеңіз, осы кезден-ақ тістеріңізді күтіп, емдеңіз.
Халықтың 60 пайызы тұрақты түрде тіс дәрігерлерінің емделушісіне айналды. Алайда уақытында емделген тіс сезгіштігі болашақта тіспен қиындықтардан сақтай алады.
Сонымен тіс сезімталдығы деген не? Біздің тістеріміз бірнеше қатты қабаттардан тұрады, солардың негізгісі дентин. Дентин жүйке талшықтары мен қан тамырлары қабатын – пульпаның сыртында болады. Дентин ішінде сұйықтыққа толы түтікшелер бар. Егер тістің ең қатты бөлігі – эмаль зақымданған болса, тағам мен судың кішкентай бөліктері дентинге, түтікшелер арқылы жүйке талшықтарына өтеді. Бұны сіз тістегі шаншу ретінде сезесіз.
Тіс сезімталдығы осындай қиындықтары бар адамдарда пайда болады:
Тістің зақымдануы (кариес, жарықшаның болуы, эмальдің жібуі, эррозиясы); Тіс тамырларының ашылуы (парадонт кезінде); Тіс тастары кезінде.Егер сіз өзіңізде гиперестезия немесе тістің сезгіштігінің белгілерін аңғарған болсаңыз, біздің кеңестерімізді біліп жүріңіз.
Тіс дәрігеріне жүйелі түрде барып тұрыңыз
Температуралық, химиялық не механикалық факторлардың әсерінен тісіңіз шаншып ауырса, бірден тіс дәрігеріне бару керек. Тіс сезгіштігінің нақты себебін тек тіс дәрігері таба алады.
Біздің халық тіс дәрігеріне тек тістері түскен жағдайда не қатты ауырғандықтан барады. Алайда дереу емделген тіс сізге ұзақ жылдар бойы қызмет ете алатындығын ұмытпаңыз.
Жаман әдеттерден бас тарту
Жаман әдеттерден бас тарту тістеріңізді ұзаққа дейін сау және әдемі қылып сақтайды. Сондықтан темекі шегу, газдалған тәтті сусындарды ішу, тым қатты тағамды жеу, тіспен бөтелкенің аузын ашу, жаңғақтарды жару сынды әдеттерден арылғаныңыз дұрыс.
Дұрыс тамақтану
Дұрыс тамақтану жалпы денсаулыққа, соның ішінде тіске де пайдалы. Кальцийға бай рацион тістің эмалін берік қылып, оны сақтайды.
Кальцийдің ағзамен қабылдануын D мен А дәрумендері және магний микроэлементіне байланысты. Сол себепті күнделікті рационыңызда осы элементтерді мол қылуға тырысыңыз.
Жүйке тыныштығы – тіс саулығының кепілі
Мамандар тіс саулығы мен адамның психологиялық күйінің арасында тікелей байланыс тапты. Егер сіз жиі стресске шалдығып, депрессияға ұшырасаңыз, бұл жалпы денсаулығыңызға да, соның ішінде тіс саулығына да өз септігін тигізеді.
Күнделікті тістер күтімі
Әрине әрқайсымыз тістерімізді күнделікті кем дегенде екі рет жуып тұрамыз. Соған қоса мамандардың кеңестерін біліп жүрген дұрыс.
Тістері сезгіш жандар жұмсақ щетка қолданған дұрыс. Электрлі щеткалардан бас тартыңыз. Тіс сезгіштігі жоғары тіске арналған тіс пасталарына көшіңіз. Тісті жууға көбірек уақыт бөліңіз. Тіс щеткасын жиі ауыстырып тұрыңыз. Тісті дұрыс жуыңыз.Тісті дұрыс жуудың технологиясын қолданыңыз
Тісті щеткамен тек тігінен жоғары-төмен қимылдармен жуыңыз, көлденен қимылдар тісті және қызыл иекті зақымдайды. Щеткамен қимылдарыңыз баяу, ақырын болсын. Әр тісті мұқият тазалағаныңызға көз жеткізіңіз.
Гиперестезия, яғни тістің сезгіштігі жоқтан пайда болмайды, жиі жағдайда оған өзіміз кінәліміз. Тістеріңіздің саулығын сақтап, тіс дәрігеріне уақытында барып тұрыңыз. Өзіңіз де тіс күтіміне көңіл бөліп, тістеріңізді ұзақ жылдарға сақтаңыз.
Деніңіз сау болсын!
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: rusdental.ru