- Негізгі бет
- Денсаулық
- Тіс щеткасын дұрыс...
Тіс щеткасын дұрыс таңдау тәсілі
Психологтар «жаңа өмір бастағысы келген адам алдымен тіс щеткасы мен сүлгісін жаңалауы керек» дейді. Әсіресе оларды жаңа жыл мен туған күн кешінде ауыстырудың мәні зор екен. Себебі адаммен алғашқы болып амандасатын бұл екеуі жаңаланса, өмірінде жақсы жаңалықтар көбейеді деседі. Ендеше өміріңізге жақсылық енгізетін тіс щеткасын дұрыс таңдауды да білген жөн.
• Әдетте біз тіс щеткасын таңдағанда сабы әдемісін таңдауға тырысамыз. Себебі қыз-келіншектер көбінде оның түсі мен түріне қарайды. Ал негізінде щетканың сәніне емес, қылды тұсына назар аудару қажет. Щетка қылының иілгіштігіне мән беріңіз.
• Басы үлкен, қылы қалың щетка таңдаудың керегі жоқ. Бастысы тіс щеткасы ұстағаныңызға қолайлы, ал басы кішірек, қылы қысқа болғаны дұрыс. Ол ауыз қуысында еркін қимылдап, кез келген қалдықты сыпырып шығады.
• Латынның «V» әрпі тәрізді қылы екі айыр щетка да бар. Ол ара жігі алшақ, «ұңғыл-шұңғыл» тісті оңай тазалайды. Икемді, иілгіш бас қалай күштеп ысқыласаң да қызыл иекті жарақаттамайды.
• Щетка сабының ұзындығында тұрған ештеңе жоқ. Бастысы қысқа болмаса және ауыздың бір қиырынан бір қиырына емін-еркін жетсе болғаны.
• Сезімтал тіс пен баланың балапан тісін тазалауға жұмсақ қылды щетка қолайлы.
• Тісіне жиі қақ (налет) тұратын, қызыл иегі оңай зақымданып, қанай беретіндерге қаттылығы орташа щетка лайық.
• Ұзын және қысқа қылды щеткалардың ішінде қысқасына басымдық бергеніңіз дұрыс. Себебі ол азу тістерді тазалауға өте қолайлы.
• Қылы қалың щетка тісті дұрыс тазалай алмайды. Сондықтан ондай тіс щеткасын таңдамағаныңыз жөн болар.
• Ұзынды-қысқалы, аралас қылды щетка небір ию-қию тістің де ең қиырына қиналмай жетеді, оның тазалау қабілеті зор. Ол әрі қызыл иекке массаж жасайды, қан айналымын жақсартады.
• Табиғи қылды таза сақтау қиынға түседі. Оған микроб жиналып, оның өсіп-өнуі оңай, ал жасанды (синтетикалық) қылға су сіңбейді, жылдам кебеді, ісініп, формасын өзгертпейді.
• Соңғы кездері электр щетканың түрлері шыға бастады. Олар тісті тамаша тазалайды. Ол тұрған, байланған қақты оңай әрі іс-түссіз кетіреді. Оның үстіне «жұмыс» барысында қызыл иекті қоса массаждайды.
Есіңізде болсын, тіс щеткасын екі айдан асырмай ауыстырып тұру қажет. Әйтпесе, тісіңізді өз қолыңызбен ауруға байлап бересіз.
Н. Үсенова