Тіс дәрігерлерінің пікіріне сүйенсек, тістің таза болуына тіс пастасынан гөрі тіс щеткасы көбірек әсер етеді. Егер сіз бұл «құралды» дұрыс таңдамасаңыз немесе дұрыс пайдаланбасаңыз, сапалы және қымбат деген тіс пасталарының өзі сізді кариес және тағы басқа мәселелерден қорғай алмайды. Оған қоса, щетканы дұрыс таңдамау қызыл иектің қанауына, эмалдің жарықшақтануына әкеп соғады.
Қарапайым щетканы қалай таңдаймыз?
Егер сіз қарапайым тіс щеткасын таңдаған болсаңыз, бірінші кезекте оның қаттылығына назар аударыңыз. Щетканың қаттылығы оның қорабында жазылады.
Жұмсақ қылшықтылар көбіне нейлон сияқты материалдардың қоспасы арқылы жасалады. Оларды әдетте бес жастан кіші балалар пайдаланады. Олардан бөлек, қызыл иегі аса сезімтал келетіндер де қолданады. Өйткені қатты қылшық қызыл иекті қанатуы мүмкін. Орташа қатты тіс щеткалары бес жастан асқан балаларға және ересектерге арналған. Ал қорабында hard белгісі бар щеткаларды тек дәрігердің нұсқаулығымен ғана қолдану қажет.
Тісті тазалауға арналған бұйымды таңдағанда тағы екі басты нюансты есте сақтау керек. Біріншіден, кейбір тіс дәрігерлері резеңке ендірмесі бар щетка сатып алуды ұсынады. Олардың пікірінше, бұл эмалді тазартуға жақсы әсер етеді. Екіншіден, табиғи қылшықты бұйымдар пайдалырақ болғанымен оның жарамдылық мерзімі өте қысқа болып келеді.
Ионды щеткалардың артықшылығы
Ионды тіс щеткалары аса танымал емес, алайда тіс тазалауға ең қолайлысы осы. Мұндай бұйымдарда қосымша титан диоксидті өзегі болады. Тіс щеткасын пайдаланғанда бұл бөлшек қышқыл-сілтілі балансты теңестіріп, эмальдағы қабатты молекулярлық деңгейде кетіріп, сутектің зарядталған иондарын тартып алады.
Ионды щеткалар арзан тұрмайды, бірақ тіс пастасын үнемдеуге мүмкіндік береді. Өйткені, тісті тазарту үшін осы бұйымның өзі жеткілікті.
Мұндай щеткалардың тағы бір артықшылығы сілекейді ионға қандырады. Бұл қызыл иегі сезімтал жандар үшін ең ұтымды нұсқа.
Электрлік тіс щеткаларын пайдаланған дұрыс па?
Егер жай щеткамен тісті дұрыс тазалай алмасаңыз, электрлік үлгіні пайдаланғаныңыз жөн. Мұнымен сіз тіс тазалау қимылдарын ойлап, бас қатырмайсыз, щетка бәрін өзі істейді.
Электрлік үлгілер қимыл-қозғалыстың екі түрлі әдісін пайдаланады: қайтарымды-айналмалы және бүлкілдету. Бұл тістегі қатпарды тез әрі оңай жібітуге, ал кейін тазартуға мүмкіндік береді. Мұндай щеткалар дәстүрлі үлгілерге қарағанда тісті жақсырақ тазартады, алайда бағасы да олардан әлдеқайда қымбатырақ.
Мұндай үлгілердің кейбірінде қосымша функциялар бар екенін ескерген дұрыс. Мысалы, кейбір электрлік щеткаларда қызыл иекке массаж жасайтын және тілді тазартатын арнайы режимдері болады.
Тіс тазалауға арналған ультрадыбысты щеткалар
Тіс тазалауға арналған тағы бір үздік құралдардың бірі ультрадыбысты щеткалар. Мұндай құрылғы 1,6 МГц жиілікпен эмальдың бетіндегі ғана емес, қызыл иектің астындағы микробтарды да кетіруге мүмкіндік береді. Онымен қоса құрылғы тісте тастардың пайда болуының және қабынудың алдын алатын емдік қасиетке ие.
Көптеген ультрадыбысты щеткалардың қосымша функциялары бар. Мысалы, олардың қылшықтары секундына 300 қимыл-қозғалыс жасай алады. Ал бұл өз кезегінде тіс бетіндегі қабаттарды тез әрі нәтижелі түрде кетіруге мүмкіндік береді. Мұндай үлгілердің бірнеше қимыл атқаратын қосымша режимдері бар, соның арқасында эмальды бүлдіріп алмай, жақсы тазартады. Оған қоса ультрадыбысты тіс щеткалары қызыл иегі сезімтал адамдарға өте пайдалы, өйткені бұл құрылғы иектің қанауының алдын алып, еш зиян тигізбейді.
Ультрадыбысты тіс щеткалар бір қарағанда мінсіз көрінгенімен, олардың да кемшіліктері бар. Біріншіден, мұндай үлгілер, өкінішке орай, өте қымбат тұрады. Оған қоса, бұйымның функционалдылығы мен беріктігі артқан сайын бағасы да арта түспек. Екіншіден, бұл щеткалардың өзіндік шектеулері бар: жасанды тістерге және жүрек-қан тамырлары ауыратын адамдарға пайдалануға болмайды.
Сурет: www.yamiss.ru, sfw.so, mport.ua
Дайындаған: Анар Мұстафина