Көктем өтіп, жаз келе терімізде өзгерістер болатынын байқап жатамыз. Дақтар пайда болып, бөртуі де мүмкін. Мұндай жағдай көбіне теріге қысқы ауа райынан кейін дәрумендер жетіспеуінен болады.
Дерматолог мамандар теріге пайдалы жеміс-жидекті әркез айтып келеді. Ал жақында диетолог мамандар да теріге қажетті дәрумендерге бай жеміс-жидектің тізімін ұсынды. Бұл тізімде бірінші болып авокадо жемісі тұр.
Авокадо – ағза үшін аса пайдалы жеміс. Онда бет терісінің жас қалпын сақтайтын "Е" дәрумені бар. Авокадо жүрек талмасының алдын алып, күйзеліспен күресуге көмектесе алады және терінің тез жазылуына әсер етеді.
Анар – косметолог мамандар көп тұтынуға кеңес беретін жеміс. Ол терінің зақымдануынан қорғайды, теріні қалпына келтіру процестерін тездетеді. Сондай-ақ коллаген мен эластиннің синтезделуіне мүмкіндік туғызады. Бұл әжім қыртыстарының жазылуына көмектеседі.
Ананас та теріге аса пайдалы жеміс-жидектердің қатарына жатады. 100 г ананастың 80 пайызы дәруменге толы. Әсіресе, "С" дәрумені. Сонымен қатар жемістің құрамында жүйке жүйелері мен иммунды жүйелердің қалыпты жұмыс жасауына көмектесетін "В1" және "В6" дәрумендері де бар.
Теріге "С" дәрумені жетіспесе, тері түссізденіп, қартаяды. Егер дәрумен ағзада жеткілікті болса тері нұрланып, сұлу көрінеді. Сонымен қатар қабынуға және терідегі түрлі жаралардың тез жазылуына әсер етіп, қан тамырларының қызметін жақсартады. Ананас терідегі қара дақтар мен бөртпелердің кетуіне көмектеседі.
Қызанақ "С" дәруменімен қоса ең мықты антиоксидант деп есептелетін ликопинге де бай. Сондықтан қызанақ жесеңіз бетіңізді құрғақтық пен әжімдерден сақтай аласыз.
Біздің танымымыздағы сәбіз тек бой өсіруге көмектеспейді. Құрамында тері денсаулығына өте маңызды бето-каротин бар. Бұл дәрумен сіздің теріңізді күн сәулесінен пайда болатын түрлі зиянды заттардан құтқарады.
Кивиді де көбірек жеп тұрған дұрыс. Себебі бұл жеміс ағзадағы коллагеннің тез ыдырауына септігін тигізеді. Ал коллаген теріге тез әжім түсірмейді.
Банан құрамында "Е" және "А" дәрумендері бар. Бұл дәрумендер тері үшін өте пайдалы. Ал банан қабығы минералдар мен антиоксиданттарға бай. Егер күнделікті бетіңізді, мойныңызды бананмен сүртіп тұрсаңыз, теріңіз ылғалданып, әжім түсуі азаяды.