Теріге безеу шығуының себептері

Ертеректе теріге безеу шығуы белгілі бір тағам түрлерін пайдалануға немесе терінің кірлеуіне байланысты деп есептеп келген. Бүгінгі күні оның себептерін майлы беттен немесе күйзеліс секілді психологиялық факторлардан көріп жүр. Соңғы зерттеулер көрсеткендей, безеулердің пайда болуының себебі жекелеген түкті фолликулдарда кератогиалинның, бактериялар мен майдың жиналып қалуы болып табылады; әсіресе бетте, кеудеде және арқаның жоғарғы бөлігінде орналасқан ірі фолликулдарда көптеп жиналады. Теріге безеудің шығуының басқа да себептері бар:

1-себеп: Тұқым қуалаушылық. Көптеген жағдайда теріге безеу шығуы тұқымға байланысты.

2-себеп: Гормоналды фон. Әрбір адамның әйелдік және еркектік гормондары бар. Кез келген гормонның мөлшерден көп болуы безеу шығуының себебі бола алады. Сонымен қатар күйзеліс қандағы адреналин деңгейін көтеріп жіберетіндіктен, оның да тері жағдайына әсер етуі мүмкін.


3-себеп: Майларға негізделген және тері саңылауларын бекітіп тастайтын (комогендік), тері типіне сәйкес келмейтін косметикалық өнімдерді қолдану. Тері саңылауларын бекітпейтін майсызданған өнім – безеуге бейім теріге таптырмас құрал. Майлы, безеулі терілі клиенттерге майсызданған өнім – безеуге бейім теріге таптырмас құрал. Майлы, безеулі терілі клиенттерге майсызданған негіздегі косметикалық өнімдерді ұсынуға болады.

4-себеп: Ылғалдылық. Тері тітіркенуінің пайда болу мүмкіндігін ұлғайтады, әсіресе жаз мезгілінде жиі байқалады. Дегенмен, қалыпты күн сәулесі кейбір жағдайларда теріге емдік әсер береді.


Жасөспірім шақта қандағы гормондар тез өсе бастайды. Бұл май бездерін тері майын бөле отырып, белсенді жұмыс істеуге мәжбүр етеді. Гормондар өскен сайын кератин көбейе түседі. Бұл өз кезегінде фолликулярлы саңылауларды бекітіп, терінің бұзылуына, яғни безеулердің пайда болуына әкеледі. Жасы үлкен адамдарда да безеу жоғарыда аталған себептердің кез келгеніне байланысты пайда болуы мүмкін.

Безеу (жабық безеу – ақ басты, ашық безеу – қара басты) ұйыған кератин немесе тері майы түкті фолликулды бекітіп тастағанда пайда болады.


Кейбір безеулер іріңді тері бөртпелеріне айналуы мүмкін. Мұндай бөртпелер мен папулалар безеуден пайда болады: бекітіліп қалған фолликулдың қабырғалары жарылады да, өлі тері клеткалары, май және бактериялар дермаға түседі. Инфекцияның терінің төменгі қабаттарына таралуына кедергі жасайтын ақ қан клеткалары үлкейіп, теріде қызыл ісік пайда болады, ал өлі тері клеткаларымен, маймен және бактериялармен араласып кеткен ақ қан клеткалары фолликулға жиналып, іріңге айналады. Содан соң теріде папула деп аталатын сарғыш басты қызыл бөртпе пайда болады.

Бөртпелерді сығуға болмайды, сыққан жағдайда бактериялар терінің төменгі қабаттарына өтіп кетуі мүмкін, әрі тері бетінде тыртық қалады. Егер бөртпеге тиіспесеңіз, онда бірқатар уақыттан кейін өзі жоғалады, себебі ақ қан клеткаларының әсерінен бактериялар біртіндеп өле бастайды. 

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: вк желісінен