- Негізгі бет
- Денсаулық
- Тегін тексерілуден өтіңіз!...
Тегін тексерілуден өтіңіз!
Қазан айынан бастап Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында әйелдердің денсаулығын қорғау мақсатында сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу үшін онкүндік тегін тексерілу шарасы басталды. Бұл шара бүкіләлемдік сүт безі қатерлі ісігімен күресу күніне орай ұйымдастырылды. Негізгі мақсаты – онкологиялық аурулар туралы халықты кеңінен ақпараттандыру, әрбір адамның өз денсаулығына өзі жауапты екенін ұғындыру, «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуге» шақыру, яғни, сүт безі қатерлі ісігінің алдын алуда дер кезінде скринингтік тексерілуден өтудің маңызын көрсету.
Сүт безі қатерлі ісігін әйелдер өмірін жалмайтын негізгі ауру түріне жатқызуға болады. Мәселен, жыл сайын 1,38 миллионға жуық әйел қатерлі ісіктің осы түріне шалдықса, 458 мыңнан астамы қайтыс болады. Ал Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты берген мәліметке сүйенсек, онкологиялық аурулар өлім-жітім көрсеткіші бойынша екінші орында тұр. Жыл сайын 17 000 адам қатерлі дерттің себебінен көз жұмады. Ал олардың 42%-ы – еңбекке жарамды жастағылар.
Қатерлі ісікпен күресуде мамандар еңбегі жеміссіз емес. Жыл сайын қатерлі ісікті алғашқы сатысында анықтау көрсеткіші артып келеді. Бұл дегеніміз – халық аурумен күресте белсенділік таныта бастады деген сөз. Қатерлі ісікті бірінші сатысында анықтау үлкен қауіптің алдын алумен бірдей. Дәл уақытында емделіп, жазылып кетуге мүмкіндік мол.
Онкүндік кезінде Қазақстан онкологтары еліміздегі әйелдердің бәрін кез келген емханада тегін тексерілуден өтіп, мамандардан кеңес алуға шақырады.
Шынар Талаева Жақсыбайқызы, м.ғ.д., Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты Маммология орталығының жетекшісі:
- Бұл шара 2011-2015 жылдарға арналған мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Салауатты өмір салтын қалыптастыру Ұлттық орталығының маммография саласына қолдау көрсетуімен өткізіліп отыр. Қазір сүт безі қатерлі ісігіне шалдығу қаупі орташа есеппен алғанда 50-59 жаста басым болады. Бұл ауру ұзақ уақыт бойы адам ағзасында тығылып жатады. Ең қиыны да сол. Ісік жайылып, жан-жаққа тарай бастаған кезде анықтап жатамыз көп жағдайда. Оны емдеу үшін уақыт және дәрі-дәрмек керек. Әрине, кез келген проблеманы шешудің жолы бар. Ол үшін әйелдер мамандар кеңесіне құлақ асып, денсаулығына қатысты кішкентай болсын қауіпті байқап қалса, уақытында скринингтік маммографиядан өтуі қажет. Яғни, денсаулығына жауапкершілікті сезіне білуі тиіс. Сондықтан, барлық әйелдерді өз аймақтарындағы емханада міндетті түрде маммолог тексеруінен өтуге шақырамыз. Келесі жылы бұл акцияға өнер жұлдыздарын қатыстыруды жоспарлап отырмыз. Олар скринингтік тексеруден өтіп, өзгелерге үлгі болады.
Алма Жылқайдарова Жәлелқызы, м.ғ.к., Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мамандандырылған консультативті-диагностикалық бөлім жетекшісі:
- Биыл жылы біздің институт «Қазақстан онкологтары мен радиологтары» қоғамдық бірлестігімен бірге осы қазан айында Алматы мен Астана қалаларында жыл сайын өтетін Қазақстан сән апталығына (KFW-2014) ресми серіктес болды. Бұл шара кезінде қазақстандық дизайнерлер алғаш рет қызғылт түсті ленталар дайындады. Ол сүт безі қатерлі ісігімен күрестің символы болмақ. Көрсетілім аяқталған соң бұл топтама сатылымға қойылады. Ал жиналған қаржы онкологиялық дертке шалдыққандар еміне жұмсалады. Сүт безі қатерлі ісігі – әйелдердің маңдайына жазылған ауру емес. Қандай жағдай болмасын әйел адам өз сұлулығы мен тартымдылығын сақтап қалуға тиісті. Біз бұл қадам арқылы барша әйелдер қауымына осы ойды жеткізгіміз келді.
«Еріншектің ертеңі бітпес» дейді. Біздің ең жаман әдетіміз – денсаулығымызға бей-жай қарап, дәрігерге баруды күнде ертеңге қалдыра беретіндігімізде. Сол себепті, тексерілуден өтуді ертеңге немесе келесі жылға қалдырмай, бүгін, дәл қазір барыңыз!
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: keruen-medicus.kz