- Негізгі бет
- Денсаулық
- Таза демнің құпиялары...
Таза демнің құпиялары
Ауыз қуысының жағымсыз иісі оның иегері жайлы әсерді әп-сәтте бұзуы мүмкін. Жағымсыз иістің пайда болу себебіне байланысты одан бірнеше минутта, ал кейде – бірнеше маманның емін қабылдаудан кейін ғана арылуға болады.
Жағымсыз иіс шығудың себептері
Ауыз қуысының жағымсыз иісіне көбіне темекі шегу, ішімдік ішу және басқа да өнімдерді жиі тұтыну себеп болып жатады. Алайда жағымсыз иіс бәріне мәлім пияз, сарымсақтан ғана емес, сүт, ірімшік, еттен де болып тұрады. Ауыз қуысында қалған тағам қалдықтарының құрамындағы ақуыз бактериялардың әсерінен өзгерістерге ұшырап, жағымсыз иіске себеп болады. Ауыз қуысын дұрыс немесе толыққанды тазаламау мәселені одан сайын өршітеді.
Көбіне жағымсыз иіс ауыз қуысы ауруларының салдарынан болып жатады. Егер емделмеген кариесіңіз, пародонтит немесе пародонтоз болса – жағымсыз иіс сіздің тұрақты серігіңіз болуы мүмкін. Бар-жоғы бір ауру тіс жағымсыз иіске себеп бола алады.
Ал егер барлық тісіңіз сау, бірақ жағымсыз иіс өміріңізге кедергі келтіріп жүрген болса – терапевтке қаралыңыз, бәлкім, сізге гастроэнтеролог, отоларинголог немесе пульмонологтың тексерісінен өту керек шығар. Гастрит, асқазан жарасы, гайморит, бауыр мен бүйрек ауруларының салдарынан да ауыз қуысынан жағымсыз иіс шығуы мүмкін.
Кейде жағымсыз иіс кейбір дәрі-дәрмектерді қабылдаудың нәтижесінде пайда болады. Әйелдер етеккір алдында жағымсыз иістің пайда болатынын байқауы мүмкін – бұл гормондар деңгейінің ауытқуына байланысты.
Ағзаның құрғауы мен ауыр диеталар да жағымсыз иістің пайда болуына себеп бола алады – ауыз қуысында сілекей бөлінуі төмендеп, бактериялардың көбеюін жеделдетеді, бұған қоса, көмірсуы аз диетада отыратындардың демінен ацетонның иісі шығуы мүмкін.
Жағымсыз иісті кетіру
Егер тістеріңіздің саулығында еш күмәніңіз болмаса, ауыз қуысының тазалығына ден қойыңыз. Күніне кем дегенде екі рет тістерді ғана емес, тілді және екі ұртыңыздың ішкі жағын да тазарту керек. Дәріханадан тілді тазалауға арналған қырғыш сатып алыңыз, тіс жібін пайдалануды ұмытпаңыз және ауыз қуысын арнайы бактерицидтік эликсирмен шайып тұрыңыз. Әдетте олардың құрамына демді тазартатын және бактерияларды жоятын дәрілік өсімдіктердің сығындылары кіреді, алайда эликсирлер жағымсыз иістен қорғамайды – оларды тек қосымша ретінде ғана пайдалануға болады. Ауыз қуысын шаюға арналған эликсирді дәрілік шөптер мен эфир майларын пайдалана отырып, өзіңіз де жасап ала аласыз.
Күні бойы тісті бірнеше рет тазалап отыруға мүмкіндік бола бермейді, сондықтан арнайы спрейлер, мұз кәмпиттер (қантсыз болғаны дұрыс) немесе сағыз пайдалануға тырысыңыз. Алайда оларға толықтай сенуге болмайды, әсіресе спрейлерге – олардың құрамында көбіне спирт болатындықтан, ол шырышты қабықты кептіріп, жағымсыз иіске тағы себеп болады.
Диетаңызға назар аударыңыз. Жаңа піскен жемістерді, әсіресе алманы жиі жеуге тырысыңыз, кофе мен бутерброд тіскебасарын көкөністер, жемістер мен йогуртқа алмастырыңыз.
Егер деміңізді дереу сергітіп алу қажет болса, ал қолыңызда сағыз да, тіс щеткасы да болмаса, қою қара шай ішіңіз, жас ақжелкен немесе аскөкті шайнап жіберіңіз, алма жеңіз немесе жай ғана ауыз қуысын таза сумен мұқият шайыңыз.
Сурет: dentman.ru, www.diets.ru, brunet-ka.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина
Оқи отырыңыз:
Жағымсыз иістен құтылғыңыз келсе...
A. Mustafina