- Негізгі бет
- Денсаулық
- Тасбақа неге ұзақ...
Тасбақа неге ұзақ өмір сүреді және адамның одан үйренері не?
Табиғат пен тіршілік иелері – адам үшін нағыз үлгі-өнеге. Сабақ алар, білім үйренер орта десек болады. Олардың өмір сүру сырына үңіліп, көп нәрсе үйренуге болады. Адамзат үшін пайдалы дүние көп.
Осы орайда тасбақаның неге ұзақ өмір сүретінін, оның әдісін адамға қолдану арқылы адамның да өмірін қалай ұзартуға болатынын талдап көрейік.
Зат алмасу құдіреті
Жануар мен адамның өмір сүруіне, тірі жүруіне әсер ететін басты нәрсе – метаболизм. Яғни, ағзадағы зат алмасу мен химиялық реакцияның жылдам не баяу жүруіне қарай жаратылыс иелері белгілі бір ырғақпен тіршілік кешеді. Зат алмасудың жылдамдығына байланысты жануардың белсенділігі қандай, қанша тамақ жейтінін және қанша уақыт ұйықтап, қанша уақыт өмір сүретінін анықтауға болады.
Ал зат алмасу жылдамдығы жануардың көлеміне тікелей байланысты. Ұсақ, кішкентай жануарлардың ағзасында зат алмасу тез жүреді де, ірі жануарда баяу жүреді. Ұсақ жануарларда метаболизмнің тез жүру себебі – дене-тұрпатының кішкентай болатындығы. Мәселен, пілдің 1 шаршы сантиметріне 0,03 квадрат сантиметр дене бітімі шақ келсе, тышқанда 0,6 квадрат сантиметр дене бітім шақ келеді. Яғни, пілден 20 есе көп. Сондықтан тышқанның ішкі ағзаларынан үлкен денені «асырау» үшін көп тамақ жеп, көп ас қорытып, жылдам зат алмасу жасауы тиіс. Сонда ғана денесін жеткілікті қызумен қамтамасыз ете алады. Ал көп әрі жиі тамақ ішпесе, денесін қыздыра алмай қиналатыны белгілі.
Зат алмасуы тез жануардың қимылы да шапшаң, табиғатынан епті, жылдам келеді. Ал ондай белсенділікті ұстап тұру үшін жиі тамақ ішу керек. Көп тамақтанғандықтан ағзаның өзі оны қорыта-қорыта тозып, тез қартаяды.
Денесі үлкен жануарда зат алмасу баяу жүреді, сәйкесінше, баяу қозғалады. Зат алмасу баяу жүретін жануардың ұзақ өмір сүретіні – табиғи заңдылық. Ал зат алмасу тез жүретін жануар жиі тағам жейді де, оны қорыта-қорыта ағзасы да тез шаршайды. Содан қартаю тез жүреді.
Популяция заңдылығы
Биологиялық заңдылыққа қарасақ, ұсақ жануарлардың саны ірі жануарға қарағанда көп. Популяция заңдылығына сүйенсек, өлген жануардың орнына жаңа жануар дүниеге келіп, тіршілік иесі ұрпақ ауыстырады. Табиғат тепе-теңдігін бұзбас үшін, былайша айтқанда, орын босатып береді.
Зат алмасуы тез жүретін жануардың өсіп-жетілуі, қоршаған ортаны тануы тез жүреді де, бұл өмірде тез әрі көп ұрпақ қалдырып үлгереді. Ал зат алмасуы баяу жануарлар аз ұрпақ қалдырады. Өйткені олардың әлемді тануының өзі баяу жүреді. Сәйкесінше, баяу үрдіске ұзақ уақыт керек те, шапшаң үрдіске аз уақыт керек.
Мәселен, шыбын мен адамды қатар қойып қарасақ, шыбын қасын 1 минуттың ішінде адамға қарағанда 4 есе көп қағады. Демек, шыбын адамға қарағанды уақытты 4 есе тез сезінеді деген сөз. Шыбынды оңай өлтіре алмайтынымыз да содан. Біз шыбынды қолмен қағып түсіреміз деп, лезде соғып үлгерсек те, шыбын үшін бұл жылдамдық түк те емес.
Ал тасбақа – салқынқанды әрі баяу қозғалатын тіршілік иесі. Сондықтан оған көп қызу өндіріп қажет емес. Демек, көп, жиі тамақ жеп те жарытпайды. Әлемде рекорд орнатқан тасбақа – Галапагосс аралынан табылған 177 жастағы тасбақа.
Бірақ бұл жас тасбақаға аз. Өйткені онсыз да баяу қимылдайтын тасбақа үшін өмірдің сырғып жатқаны «қызық емес», оны ол аңғармайды да. Адам баласы сияқты «өмірім тез өтіп жатыр» деп айта алмайды.
Адамға алар үлгі қандай?
Жоғарыда айтқанымыздай, жиі әрі көп тамақ жеген жануар тез қартаяды. Өйткені оның ағзасы тамақ қорытуға, оны энергияға, жылуға айналдыруға бар күш-қуатын салады да, тез шаршап, тез "істен шығады". Қаншалықты көп тамақ ішсек, соншалықты ағзаға метаболизм ауыртпалық түсіреді. Қартаю содан пайда болады. Қартаю дегеніміз – ағзаның жұмыс істеп-істеп шаршауы.
Бұдан шығатын қорытынды мынау: егер ұзақ өмір сүргіңіз келсе, барынша аз тамақ деген жөн. Сонда ағза шаршамайды. Калорияны азайту арқылы өмір жасын ұзартуға болады. Әсіресе, көп энергия жұмсамайтын, отырып жұмыс жасайтын адамдар үшін артық тағам жеудің мүлдем қажеті жоқ. Босқа ағзаны шаршатасыз.
1935 жылы К.М Маккей, Мэри Ф.Кроуэлл, Л.Мейнард сынды ғалымдар жүргізген тәжірибе жоғарыда айтылған тұжырымның нағыз дәлелі болмақ. Бұл ғалымдар тышқан мен атжалманды, маймыл мен балықты зерттеуге алып, аз тамақ беру арқылы ағзасына тәжірибе жасап көрген. Өмірі ұзара ма деген үміті болған көрінеді. Тәжірибе өте жақсы нәтиже көрсетті. Яғни, ғалымдар тышқандарға беретін тамақты азайтып, калорияны 55-65 пайызға дейін кемітіп, өмір сүру ұзақтығын 30-50 пайызға дейін арттыра алған. Калорияны екі есе азайту арқылы екі есе көп өмір сүруге болады.
Ашығудың қандай қатысы бар?
Мұсылмандар жылына бір рет бір ай бойы ашығатынын бәріміз білеміз. Мұның ғибраты өте тереңде екен.
2016 жылы Нобель сыйлығын алған жапон ғалымы Есинори Осуми ашығу арқылы адам ағзасының ауруға, қартаюға қарсы тұратынын анықтаған. Яғни, ашыққан адамның ағзасы сырттан тағам келмегендіктен, өлі, ауру жасушаларды «жеп», энергия өндіреді екен. Ал өлі, ауру жасушылар жойылған сайын адам ағзасы жасара түсетін көрінеді. Ашығу дегеніміздің өзі – аз тағам ішу.
Ашығудың медициналық түрлері көп. Бірі таңнан кешке дейін ашықса, енді бірі майлы, ащы тағам жемей ашығады. Енді бірі тек су ішеді. Қалай ашықсақ та, ағзаға түсетін ауырлықты азайтып, шаршау, тозу, қартаю сияқты дерттің алдын аламыз.
Қ. Слямбек