- Негізгі бет
- Денсаулық
- Тарының денсаулыққа пайдасы...
Тарының денсаулыққа пайдасы зор
Тары – ұзақ мерзімге сақталатын құнды дақыл. Халқымыз "жауынгер дақыл" деп те атайды. Себебі тары қуаңшылыққа, аңызаққа және ыстыққа төзімді, дихандардан көп күтімді талап етпейді.
Ғалымдар тарының шығу тарихы V-VII ғасырлардан тамыр тартады деп жазып жүр. Әлемде тарының бес жүзден астам түрі өсетіні туралы да деректер бар. Бұл бағалы дақыл тұңғыш Шығыс елдерінде, соның ішінде Үндістан, Моңғолия мен Алтайда шыққан деген пайымдаулар алға тартылуда. Тарының бағалы да құнарлы дақыл екенін ата-бабаларымыз ертеден білген. Сондықтан да артына "Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша" деген сөз қалдырған.
Тарының тағам ретіндегі құнары мен жұғымдылығы, денсаулыққа пайдасы ғылымда әлдеқашан дәлелденген. Адам ағзасына тоқтықты дарытуымен бірге, емдік қасиетімен де қадірлі. Ол адамға күш-қуат береді, бауырдың жұмысын жақсартады, қан қысымын реттейді және ішек-қарын жұмысын жақсартады. Ғалымдар басқа да емдік қасиетімен бірге, адам ағзасындағы улы заттарды жоюға да септігі бар дегенді айтады.
Тары – адам ағзасына керекті дәрумендердің қайнар көзі. Онда ақуыз жеткілікті. Аллергияға әсер етер глютен жоқ. В тобындағы дәрумендерге, бауырға қажетті холинге бай. Сүйекке, жүрекке, иммунитетті көтеруге керек магний мен фосфор, калий, цинк көп. Онда көз жанарының бұзылуына әсер етерлік заттардың әрекетін тежейтін антиоксиданттар да бар. Өт қабы мен өт жолдарына пайдасы бар.
Тары ботқа мен оның сорпасы ағзадағы артық холестерин мен токсиндерді, дәрілердің қанда ұйып қалған қалдықтарын сыртқа шығаруда үлкен көмегі бар.
Бауырға да пайдалы. Тары ботқасы ағзаны қуаттандырып, артық тұзды сыртқа шығарады.
Ескерту
Тарыны шамадан көп жеуге де болмайды. Қалқанша безі жұмысына әсер етіп, гормондарды түзу қызметі төмендеуі мүмкін. Cондай-ақ ағзасында йод тапшылығы бар жандар тұтынбаған абзал.
Тары боткасы сау адам ағзасындағы зат алмасу процесіне кері әсер тигізбейді. Тек ғалымдар тарыны күндізгі нәрдің көзі ретінде тұтынбауға кеңес береді. Сондай-ақ гастритке шалдыққанда жеуге болмайды.
Н. Үсенова