Тар киімнің кесірі

Тар киімнің кесірі

"Сұлулық құрбандықты талап етеді " деген қағиданы желеу етіп, кейбір кезде өзімізді шектен тыс қинап жіберетініміз бар. "Сұлуынан жылуы" деген сөзді біз "Сұлуынан жайлылығы" деп өзгертсек те айып емес. Өйткені, бірінші байлық - әлбетте, денсаулық...

Алтын кеңес:  Тар киімнен алты ауыл алыс жүріңіз. Тар киім гинекологиялық не сүйек ауруларын тудыруы мүмкін.

1. Арудың ажарын ашатын бұйым - белдік. Белдік қыпша белде жарасып, аруды нәзік қып көрсетеді. Дегенмен, белдікті тым қатты қысып тағу – бөксе лимфасы мен қан айналым жүйесін бәсеңдетеді. Қатты қысылған белдікпен ұзақ отыру денсаулығыңызға зиян.

2. Корсет. Корсеттерді ұзақ уақыт киіп жүру өкпеге, өт жолдары, бауыр мен бүйрекке зиянды. Кештерге әдемі көйлек киіп барғанда ішінен әлбетте, корсет тағасыз. Бірақ, есіңізде болсын: корсет ұзақ уақыт киіп жүретін киімдердің қатарынан емес. 

3. Тар төсқап. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де айтайық, әйелдің жүйкесінің жұқа болуы дәрігерлердің тұжырымынша, көбіне тар төсқап таққанан болатын көрінеді. Иықтағы бауды тартып, қысып тағу емшек безінің қабынуына әкеліп соғады. 

4. Галстук. Ер адамның санаулы аксессуарларының бірі галстуктің де кері әсері жоқ емес. Кейбір еркектер жағам түп-түзу боп тұрсын деп галстукты қатты қысып тастайды. Жағаңыз түп-түзу болар-ау, бірақ бұның соңы миға қан келмеуіне әкеп соғады. 

5. Тар аяқ киім. "Дүниенің кеңдігінен не пайда, аяқ киімің тар болса". Осы мақалды тура мағынасында қолдансақ та, болады екен. Өйткені, тар аяқ киім адамның көңіл-күйінің болмауына үлес қосады. Тар аяқ киімнің кесірінен аяқ саусақтары да өзгеріп шыға келеді. Сондай-ақ тамырлар қысылып, жүрісті өзгертеді. 


сурет: woman.ru

Р. Роза