- Негізгі бет
- Денсаулық
- Таңғы аста бәрі...
Таңғы аста бәрі бар
Ұйықтап қалып, жұмысқа (балабақша, мектеп) кешігіп жатсаңыз, таңғы ас туралы ойлау мүмкін емес. Алайда, таңертеңгілік тіскебасар ағзаңызға, күннің сәтті өтуіне, жұмыс өнімділігіне оң әсерін береді. "Түске аспен қосып ішермін" деген енжарлықтың түбі жақсылыққа апармасы анық. Ал зерттеулер не дейді екен?
Тамақ ішпесем не болады?
Денсаулыққа зиян. Әсіресе, жүрекке. Қытай және америкалық зерттеушілерінің Journal of the American College of Cardiology журналына берген пікіріне сүйенсек, жүрек қан қысымы ауруларының дені таңғы ас ішпегеннен туындайды екен. 1988-1994 жылдары өткізілген жергілікті тұрғындардың денсаулығы мен тамақтануы атты ұлттық зерттеудің қорытындысы осындай қорытынды жасаған.
Зерттеуге 40-75 жас аралығындағы 6550 америкалықтың анықтамалары қатысқан. Олардың зерттеуге дейінгі денсаулық картасында жүрек қан тамырлары ауруы не қатерлі ісік туралы бірді бір дерек болмаған. Қатысушылардың орта жасы – 53,2 жас, ал, шамамен, 48%-ы еркектер болған. Зерттеу жылдарының соңына қарай 2318 өлім тіркелген, оның ішінде, 619 адам жүрек қан тамырлары ауруынан қайтыс болған.
Қатысушыларға "Таңғы асты үнемі ішесіз бе?" деген сұрақ қойылған. "Күнде", "аптасына 2-3 күн", "анда-санда" және "ешқашан" деген жауаптарды сәйкесінше таңдау керек.
Сауалнама нәтижесінде қатысушылардың 5,1%-ы мүлдем таңғы ас ішпеген, 10,9%-ы анда-санда ішкен, 25%-ы аптасына 2-3 күн (есіне түскенде) ішкен, 59%-ы таңғы аста береке барын естен шығармаған.
Мүлдем таңғы ас ішпеген адамдар мен үнемі таңғы ас ішіп жүретіндерді салыстырғанда, алғашқылардың жүрек қан тамырлары ауруынан қайтыс болу қаупі 87%-ды құраған.
Таңғы асқа не жеу керек?
Сарапшылардың көбі ең құнарлы таңғы ас – сүт өнімдерінен дайындалған тағам. Майы аз йогурт, ірімшік, қара нан, жарма, жарма қауыздары және жеміс-жидектер. Дұрысы: сізге қажетті күндік калорияның 15-35%-ын таңғы аста тұтынуыңыз қажет. 21 күн 5 уақыт аз рационнан тамақ қабылдасаңыз, өзіңізді жеңіл сезінесіз. Тамақтану мәдениетінің алғышартын ұстанасыз.
Г. Берік