Күн суытып, таң кеш ата бастады. Бұған жұмыста не сабақтағы шаршағандықты қоосаңыз, таңертеңгі жаттығуларға мүлдем "Сау бол!" десе болады. Алайда таңғы жаттығулар деніңіздің шымыр, сау болуының бірден-бір жолы. Сондықтан қиын болса да, таңғы жаттығуларға оянып үйренейік.
Сонымен, таңмен жаттығуларға қалайша ұйықтап қалмауға болады?
Ұйқыға ертерек жатыңыз
Ең тиімді әдіс - ұйқыға ертерек жату. Жазбен салыстырғанда күзде бұл қиынға соқпас: күн ертерек батады. Түнгі сериалдар мен ғаламтордан өзіңізді сәл шектесеңіз, ертерек оянуға тез дағдыланып кетесіз. 8 сағаттық ұйқы сізге күні бойы сергек болып жүруіңізді қамтамасыз етеді.
Спорттық киімде ұйықтаңыз
Бұл әдіс қызық болып көрінгенмен, іс жүзінде көмектесе алады. Үйреншікті түнгі киімнің орнына спорттық стильдегі ыңғайлы шорты мен майка киіп жатсаңыз, таңмен бірден жаттығуларды жасауға кірісесіз. Киім ауыстыруға да уақыт құрту керек емес.
Жоспар құрыңыз
Таңғы жаттығулардың жоспарын алдын ала құрып қойған жөн. Қандай жаттығуды неше рет, қандай әуенге жасайтынын да ойластырған жөн. Жоспарланып қойған шаруаға қалайша тұрмасқа?
Оятардың бірінші дыбыстарына тұрыңыз
Оятар шырылдағанда ұялы телефонның "кейін" батырмасын басып, 5-10 минутқа қалдыра бермеңіз. Бар күшіңізді жинап, тәтті ұйқыны бірден қиыңыз. Оятарды бөлменің басқа жеріне қойса да болады. Оған жетемін дегенше, ұйқыңыз да ашылып кетеді. Оянған бойда төсектен тұруға тырысыңыз, тұра сала бөлменің жарығын, радио не теледидар қосыңыз.
Таңмен жаттығуға ояну - бәрінің қолынан келе бермейді. Осыған қол жеткізгенде өзіңзді салауатты өмір салтын ұстанатын, ұйқыға жоқ деп, белсенді өмір сүретін заманауи ару болып сезінетініңізді түсіну оянуға көмектеседі емес пе?
Ал сіз таңертеңгі жаттығуларды жасайсыз ба?
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: my-happyend.ru