Адамдардың көбі бір рет болсын таңертең басы ауырып оянады. Егер ол бір-екі рет қана болса немесе айқын себептерге (өте аз ұйықтау немесе ішімдік ішу) байланысты болса, уайымдаудың қажеті жоқ. Алайда ұйқыдан тұрғанда маңдай немесе желке тұсы жиі ауырса, оның себептерін анықтаған жөн. Бүгінгі материалда оның бірнеше мүмкін себебін ұсынамыз.
Қолайсыз ұйықтау
Аллергендер (бөлме өсімдігі, үй жануарларының жүні және т.б), ауа жоқ немесе қатты суық бөлме, жарық, жағымсыз дыбыстар, ыңғайсыз жастық немесе матрас — мұның барлығы ұйқы сапасын төмендетіп, нәтижесінде таңертең бас ауыруына әкелуі мүмкін.
Циркадты ырғақтың бұзылуы
Зерттеулер таңертең бас ауыру циркадты ырғақтың бұзылуынан, яғни ағзаның табиғи «биологиялық сағаттарының» өшіп қалғанынан болуы мүмкін екенін көрсетеді. Мысалы, ол түнде жұмыс істеуден немесе таңға дейін сериал көруден пайда болады.
Ұйқы бұзылулары
Ұйқысыздық, нарколепсия, тісті шықырлату (қайрау) және айкезбе секілді түрлі ұйқы бұзылулары — таңертеңгі бас ауруының негізгі себебі. Жиі бас аурудың артында апноэ (дем тоқтауы) деп аталатын қауіпті ауру тұруы мүмкін. Бұл түнде тыныс алу жолдарының тарылуына, соның себебінен тыныс алудың қысқа уақытқа тоқтап қалуына әкеледі. Апноэнің белгілеріне бас ауруынан бөлек созылмалы шаршаңқылық пен түнгі қорыл жатады.
Депрессия
Депрессия мен уайымнан ұйқы сапасы төмендейтіндіктен, ол да таңертеңгі бас ауруының пайда болуына ықпал етеді.
Бас ауыруын қалай басуға болады?
Бас ауырған сайын дәрі ішуді әдетке айналдырмаңыз, оның орнына төмендегі кеңестерді қолданып көріңіз:
- Суық компресс. Мұз текшелерін орамалға орап, маңдайға қойып, 15 минут шамасында ұстаңыз.
- Жарықты өшіру. Бас ауырған кезде аздап қараңғыда отырған пайдалы. Ол үшін барлық гаджетті өшіріп, жапқышты жауып, көзіңізге ұйықтауға арналған маска киіп алыңыз.
- Кофеин. Бір стақан кофе таңертеңгі бас ауруын кетіруі мүмкін. Бастысы, оны артық және күннің екінші жартысында ішпеңіз.
- Медитация. Йога немесе медитация секілді босаңсытатын тәжірибелер бас ауруын кетіруге көмектеседі.
Қандай жағдайда дәрігерге қаралу керек?
Таңертең жиі бас ауырудың өзі — дәрігерге қаралуға себеп. Алайда мына белгілер байқалса, жақын арада дәрігерге қаралыңыз:
- Бұрыннан да жиі немесе қаттырақ бас ауыра бастады;
- Ауырсынуды басатын дәрілердің рецептісіз берілетін үйреншікті түрлері көмектеспейді;
- Бастың ауыратыны соншалық, үй шаруасымен айналысу немесе жұмыс жасау мүмкін емес.