Әрбіріміз таңертең беттің ісіп кету проблемасына тап болып көрген шығармыз. Онсыз да жылы төсектен өзіңді әрең тұрғызып алсаң, оған беттің ісуі келіп қосылады. Мұндай проблема тек қыздарда ғана емес, жігіттерде де болатыны анық.
Көздер таңертең түрлі себептермен ісіп тұруы мүмкін: достармен түнгі қыдырыстан, ұйықтап қалмау үшін кофе ішуден, ұйқысыздықтан, бүйрек ауруларынан, қан тамырларының кеңейуінен және т.б. Шұғыл түрде беттің ісуін қалай басуға болады?
Бірінші: душқа кірердің алдында 15 рет отырып, тұрыңыз. Қиындау бірақ мүмкін, және де бар-жоғы 1,5 минут уақытыңызды алады. Осылай сіз денеңіздегі судың жүруіне ықпал етесіз және түнімен «ұйқыда» жатқан қан айналымы күшейе түседі. Қан мен лимфалар тез «жүгірген» сайын тері ткандерінен судың тез шығуын қамтамасыз етеді. Бұл жаттығу сонымен қатар бұлшық еттеріңізді сергітеді.
Екінші: Контрасты душ қабылдаңыз. Және тым суық, не ыстық суға түспей, жылырақ және салқынырақ суға түсіңіз. Судың ағынын барынша ағызыңыз – бұндай массаж қан айналымына жақсы көмектеспек.
Душтан шыққан соң тағы 15 рет отырып-тұрыңыз. Тым құрығанда минимум 10 рет жасаңыз.
Үшінші: тісіңізді жуып жатып... бет-аузыңызды тыржитыңыз. Иә-иә, барынша бет бұлшық еттерін қимылдатуға тырысыңыз. Әсіресе көздеріңізбен жұмыс істеңіз: қатты жұмып, 2 секундтай ұстаңыз да, кейін бақырайтып ашыңыз. Көзіңізді тезірек жыпылықтатыңыз, қарашығын айналдырыңыз. Бұл сонымен қатар көңіл-күйіңізді де көтеріп қоймақ.
Жалғастырамыз: мұздай сумен жуыныңыз және бетіңізді жақсылап уқалап жуыңыз. Егер мұздатқышта газдалған минералды су болса сонымен жуынған тіптен жақсы, өйткені көпіршіктер де микромассаж жасайды әрі құрамындағы тұздар мен минералдар теріні қоректендіреді.
Егер бетіңіз жиі ісіп тұратын болса алдын ала мұз қатырып қойыңыз. Мұз – ісікті кетіретін ертеден келе жатқан оңтайлы тәсіл!
Енді айнаға қарап көріңіз. Осы процедуралардан кейін ісік біраз басылу керек.
Сурет: zn.by
Дайындаған: Анар Мұстафина