Соңғы кездері "табиғи" сөзінің ел аузында жиі айтылып жүргендігін байқадыңыз ба? Мұның себебі – әлем ғалымдары біздің ғаламшар ұсынатын дүниелерден асқан нәрселерді ешбір ғылым жасап шығара алмайтындығын мойындады. Ендеше, табиғи сұлулық үшін қызмет ететін ғажайып шөптер мен жемістер туралы білу үшін дөңгеленген дүниеге саяхат жасап көрелік. Шөп теруді ұнататын болсаңыз бізбен бірге аттаныңыз!
Франция. Жүзім шоғының құдіреті
Алғашқы аялдама – Францияның күнмен жылытылған жүзімдігі. Сонау ХVII ғасырлардың өзінде француз ханымдары жүзім езгеннен кейін қол терісі мен буындардың өте нәзік болып, ағара шығатындығын байқаған. Кейіннен бабына келген шараппен шомылу сәнге ене бастады, ал бүгінде жүзім сусындары, жидектер, сабақтары косметологияның барлық саласында пайдаланылады: целлюлитпен күрес, шашты қалпына келтіру, anti-age бағдарламасында т.б. Бұл терапиялардың әсерлілігі жүзімнің қайталанбас химиялық құрамымен түсіндіріледі. Оның бойында ең қажетті деген дәрумендер мен микроэлементтер бар. Бастысы – полифенолдар көп (қуатты антиоксиданттар). Бұлар жүзімнің қабығында, жидектің сүйегінде кездеседі.
Испания. Грейпфрут жұмағы
Испан бикештері жасартатын кремдерді қолданбайды деуге де болады. Дегенмен, олар таңдамалы жеміс немесе гүл парфюмдерден ақша аяп қалмайды. Ең танымал иіс – алқызыл грейпфрут сарыны. Испанияда аталған күнсүйгіш жеміске деген қарым-қатынас өте ерекше. Ел тұрғындары бағзы замандарда-ақ грейпфрут иісінің нашар көңіл-күй мен шаршағандықты басатын ең жақсы құрал екендігін мойындап қойған. Жемістің құрамында аскорбин қышқылы өте көп. Бұл оның басты құндылығы емес, жеміс етінде С дәруменін бұзылудан сақтап, емдік қасиетін 20 есе күшейтетін биофлавоноид атты заттар бар. Испандықтардың anti-age косметикаларына қызығушылық танытпайтындығы таңқалдырмайды. Күніне бір грейпфрут(ащысы аз алқызылы) жеп тұрсаңыз теріңізде, шашыңызда, тырнағыңызда ешқандай қиындықтар болмайды.
Оңтүстік Африка. Бушмендердің сиқырлы сусындары
Оңтүстік Африкадағы саяхатымыздың басты олжасы – ройбуш аталатын сергіткіш сусын. Ол африкандық ройбуш бұтағының жапырақтарынан жасалады. Ройбуштың шәй мен кофеден айырмашылығы құрамында алкалоидтар жоқ, сондықтан балаларға, аллергиялық аурулары бар адамдарға өте пайдалы келеді. Сусынның дәмі тәтті болғандықтан ешқандай қанттың қажеті жоқ. Ройбуш құрамындағы темір мен С дәруменінің арқасында үлкен құрметке ие болып отыр. Тұздың, микроэлементтердің орнын толтыра алады (спортшылар үшін өте маңызды), аллергиялық реакцияны басады, су теңгерімін қалпына келтіреді. Ройбуш сусынына тамсанға көптеген құрлық тұрғындары бұтақты жерсіндірмек болған. Алайда, бұл бұта тек қана Оңтүстік Африкада өсуге бейім.
Бразилия. Амазония тартуы
Амазонканың тропикалық ормандарының жергілік тұрғындарын зерттеуші ғалымдар олардың сергектігін, жас көрінетіндігіне, энергиясына қатты таңырқаған. Мұның құпиясы өткен ғасырдың соңында ғана мәлім болды. Бәрі де құрамында кофеин бар гуарана жемістері мен акаи жидектерінің арқасында екен. Гурана – жасушаларға арналған энергияның табиғи көзі, ол зат алмасу үдерісін жақсартып, майдың ыдырауын жылдамдатады және кофе секілді асқазанды тітіркендірмейді. Ал акаи жидектері – медициналық, косметикалық препараттардың ең тиімді компоненттері. Акаидың құрамында қара жидекке қарағанда екі есе, жүзімге қарағанда он есе антиоксиданттар бар. Амазония тұрғындарының әжімдермен, рак ауруларымен таныс емес екендігі енді түсінікті болар...
Чили. Анд алқаптарының раушандары
Оңтүстік Америка құрлығынан кетпес бұрын чилилік Анд аймағына көз жүгірте отырайық. Дұрысы, елдің оңтүстігіндегі тау баурайларындағы жазықтарға ат басын тіредік. Мұндағы мамыр айында пісіп-жетілетін москет раушандарын кейде чилилік жабайы раушан, жабайы чилилік итмұрын деп атап жатады. Жергілікті тұрғындар бұл өсімдіктен ғаламат алқызыл май алады. Май – май қышқылдары мен С дәруменінің сандығы. Ол зақымдалған шаштарды қалпына келтіріп, теріні жақсартады. Жасушаға еніп су молекулаларын ұстап тұрады. Раушан майын медицина жараларды емдеу, тыртықтарды кетіру үшін қолданады. Чилилік алқызыл майды әлі күнге дейін қол машинамен өндіретіндіктен бағасы өте қымбат келеді.
Аустралия. Қасиетті жаңғақ
Осы бір шағын ғана құрлықтың өсімдік әлемі ешбір аумақта қайталанбайды. 33 миллион жыл бұрын Аустралия басқа құрлықтармен байланысын жоғалтады да, фаунасы мен флорасы бөлек дамиды. Құрлықтың мұз дәуірінде де мұз жамылмағаны климаттың миллиондағын жылдар бойы өзгермеуін қамтамасыз етті. Енді аустралиялық табиғаттың қойнауында қаншама құндылықтардың жатқандығын ойлай беріңіз. Құрлықтың ең танымал өсімдігі – макадамия жаңғағы. Жиналуы өте қиын болғандықтан әлемдегі ең қымбат жаңғақ болып табылады. Жемістің косметология үшін қандай маңызы бар? Ең алдымен құрамындағы пальмитин қышқылын атаған болар едік. Ол біздің теріміздің жасушаларын қорғап, ылғалдандырып тұрады. Қанды холестериннен тазартатын жаңғақ майы жоғары бағаланады. Адам ағзасына тигізетін оң әсерлерінің арқасында жаңғақ "қасиетті" деген атаққа ие болып отыр.
Гималай. Дуалы шөп
Лемонграсс – лимонды шөп немесе лимонды жүгері. Ол Антарктидадан басқа барлық құрлықта өсуге бейім келеді. Және де бұл өсімдік дүниенің әрбір бұрышында әртүрлі магиялық күштердің бойына жинақтаған. Мәселен, Гаитиде оны вуду шөбі деп атап, теріс күштерді қорқытады деп сенеді. Үндістан мен Непалда лимонды жүгері магияда ғана емес, емдік дәрі-дәрмектер жасауда қолданылады. Лемонграсс ағзаны сергітіп, күйзелісті алыстатады, теріні залалсыздандырады және тартады, ыстықты алып, бас ауруларын қайтарады. Лимон шөбінен жасалған шәй тәбетті төмендететіндіктен салмақ тастау бағдарламаларына қосуға әбден болады.
Әңгімемізге арқау болғалы отырған өсімдіктер халық медицинасы мен косметологияда үлкен жетістіктерге жеткендігін ескерте кетейік.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: liveinternet.ru, ftiza.net, mariamsecret.ru, nspnatr.info, shkolazhizni.ru