Күнделікті өмірде тағамды пиязсыз елестету мүмкін емес. Алайда оны ұнататындардың саны да бұл ғаламда көп емес шығар. Ұнамайды екен деп дәрумендердің қоймасы, табиғи антибиотик болып табылатын пиязды мүлдем жемей қоюға да болмайды. Назарларыңыға пияздың пайдасы жайында аз-кем ақпарат ұсынамыз.
Домалақ басты пияз
Домалақ басты пияз табиғи антибиотик болып табылады. Ол зат алмасуын жылдамдатып, ас қорытуды жақсартуға, артериялық қысымды қалпына келтіруге және потенцияны көтеруге де қабілетті. Пияз шырыны тұмау, сарп, ұйқысыздық сынды ауруларға қарсы тұрады. Пияз тек қана дәрумендерге емес, ұлпалар мен органдарға белсенді әсер ететін эфир майларына, сонымен қатар жүректі ынталандыратын калийге, қан жасалуына көмектесетін темірге, адамға қажетті сирек элементтер – марганец, мыс, кобальт және молибденге бай.
Көк пияз
Көк пияз негізінен кәдімгі пияздың өсінділері. Пияздың көгі – С және В1 дәруменінің ең бай көзі болып табылады. Кез келген пияздың құрамындағы хлорофилл тағамның қорытылуына жақсы әсер етеді. Бірақ жақсы сақталатын домалақ басты пияздан көк пияздың айырмасы, көк пияз жылдам солып, өзінің пайдалы қасиеттерін тез жоғалтады.
Сопақ басты пияз
Сопақ басты пияз жасыл пиязға қарағанда жұмсақ, әрі тәттірек дәмі болады. Ол калийге өте бай. Соның салдарынан несеп тас ауруы, тұз байлану ауруларына бірден-бір ем. А, С, В1 және В2, РР дәрумендеріне бай.
Ескерту:
Пайдалы екен деп пиязды шамадан тыс қолдануға да болмайды. Пайда бар жерде кесел де бар екендігін ұмытпаңыз! Егер сізде ас қорыту жолының қабынуы немесе жарасы болса немесе жүйке қозуына бейім болсаңыз пиязды көп пайдалану сізге кері әсер етуі мүмкін. Себебі домалақ басты пияз асқазанның шырышты қабатын және ішекті тітіркендіреді және калийдің молдығы жүйке жүйесінің тым аса қозуына, жүрек ритмінің бұзылуына себепші болады.
Дереккөз: baq.kz