Сыра ашытқысын не үшін пайдаланады?

Бүгінде өз денсаулығы мен сырт келбетін күтіп-баптайтын адамдар саны көбейді. Адамдар тұтынатын тағамының құрамына назар аударып, дене шынықтырумен жиі айналысады. Оған қоса ағзаны жағымсыз әсерлерден қорғайтын биологиялық белсенді қоспаларды да тұтынатын болды. Сондықтан ежелден танымал сыра ашытқыларына деген сұраныс артты.

Сыра ашытқысы дегеніміз не?


Бұл ежелден келе жатқан өнім саңырауқұлақтар классына жататын микроағза. Сыра ашытқысында тотығуды тездететін және органикалық қоспаны ашытатын көптеген арнайы ферменттер бар. Көбіне-көп ферменттер көмірсулармен жұмыс істейді.

Өз құрамының арқасында сыра ашытқысы өте пайдалы құнарлы өнім саналады. Оның ақуызында барлық танымал аминқышқылдарын кездестіруге болады. Оған қоса өнімнің жасушаларында көптеген дәрумендер сақталып, нуклеин қышқылдары мен пурин негіздері синтезделеді.

Сыра ашытқысының ең негізгі пайдалы қасиеті – D дәруменінің молдығы. Сонымен қатар өнім В дәруменіне, минералды заттар мен жоғары сапалы ақуызға бай.

D дәруменінің өнідірісінде дәл осы сыра ашытқысы пайдаланылады. Өнімнің құрғақ қалдығында D дәрумені 0,8-ден 2%-ға дейін жетеді.

Сыра ашытқысы: ағзаға пайдалы тұстары

Бастапқыда сыра ашытқысын дәрі-дәрмек ретінде пайдаланған. Және бүгінде дәрігерлер түрлі сырқаттар мен ауруларда осы өнімді тұтынуға ұсынып жатады. Көбіне мұны асқазан жарасында, гастрит, ішек ауруларында пайдаланады. Мұндай жағдайда ауруларға сұйық сыра ашытқысын жазып береді, бұл жалпы ас қорыту жүйесін реттеуге көмектеседі.

Алайда бұл өнім тек ас қорыту жүйесінде ғана пайдаланылмайды. Дәрігерлер дәрі-дәрмекті инфекциялық ауруларда, қант диабетінде, қынапты дезинфекциялау кезінде тұтынуды ұсынады. Сыра ашытқылары жүрек бұлшық етінің жұмысын реттеп, жақсартатыны және қандағы холестерин мөлшерін төмендететіні дәлелденген.

Сыра ашытқысы сұлулықты сақтайды

Көбіне-көп адамдар сыра ашытқысымен жасөсіпірімдік шақта танысады. Бәріміз білетіндей, мұндай шақта жасөспірімдер терінің бөртуімен күресе бастайды. Осындай жағдайларда дәрігерлер сыра ашытқысын ұсынып жатады. Және өнім де нәтижесін көп күттірмей береді.

Алайда сыра ашытқысын кез келген жастағы адамдар пайдалана алады. Әсіресе безеу мен бөртпелердің шығуына бейім, проблемалы және майлы теріге өте пайдалы. Алдын алу шаралары үшін көбіне таблетка түріндегі сыра ашытқылары пайдаланылады: оларды ас ішу уақытында немесе астан кейін, қорабында жазылған нұсқаулық бойынша тұтынған жөн.

Егер тері мәселесі аса қатты байқалмаса, сыра ашытқысын жылына 1-2 ай ішсе жеткілікті. Ал қабынған ауруларда жарты жылдай жиі тұтынған дұрыс.

Кей жағдайларда сыра ашытқыларын күкірт, цинк, кальций және т.б. пайдалы және қажетті микроэлементтермен толықтырады. Оның басты міндеті бет әлпетіңіздегі кемшіліктерді кетіру. Үстемелі сыра ашытқысы тері, шаш және тырнақ мәселелерін тез және нәтижелі шешеді. Тері жұмсарып, жасару мен регенерация процесі іске қосылып, безеулер кетеді. Зақымданған тырнақ пен шаш өңделіп, жылтырайды және қатаяды.

Сыра ашытқысы: сырттай тұтыну


Нәтижені жақсарту үшін сыра ашытқысын іштей сауықтыру шараларына ғана емес, сырттай да пайдалануға болады. Бұл өнімнен жасалған маскалар өте тиімді саналады.

Мысалы, құрғақ сыра ашытқысын алып, 10 грамм ашытқан қырыққабаттың суында ерітіңіз. Масканы бетіңізге жағып, 10 минуттай ұстаңыз. Бұл ерекше қоспа безеу, терінің қабынуы мен майлылығын жақсы кетіреді.

Сонымен қатар теріні жасарту үшін де арнайы маска бар. Ол үшін:
- құрғақ сыра ашытқысы (10 г);
- ақ балшық (5 г);
- лимон шырыны;
- жұмыртқаның ағын дайындаңыз.
Алдымен ашытқы мен балшықты араластырып алыңыз, кейін шырын мен жұмыртқаның ағын қосыңыз. Тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін бұл масканы екі айдай, аптасына бір рет жасап тұрыңыз.

Шаштың түсуінің алдын алатын мына масканы жасасаңыз болады: бір үлкен қасық сыра ашытқысына 1 стақан жылы сүт қосыңыз. Қоспаға зәйтүн майын және жұмыртқа қосыңыз. 15 минутқа жылы жерге қойып қойыңыз. Масканы шаштың түбіріне жағып, басыңызды целлофанмен орап, сыртынан жылы орамал байлаңыз. 20-30 минут ұстаған соң жуып тастаңыз.

Сыра ашытқысынан дайындалған маска қайызғақтан арылуға көмектеседі. Ол үшін 1 үлкен қасық ашытқыны бір стақан айранмен араластырып, жылы жерге қойып қойыңыз. Бұл масканы аптасына 1-2 рет пайдаланыңыз.

Сурет: wday.ru, ona-znaet.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина