Бүгінгі бойжеткен қанша жасқа келсе де, сұлу да сымбатты болып көрінгісі келеді. Ал сұлулық тек дұрыс тамақтану мен ұзын шашта емес, мұнымен қатар келісті сымбатымызда. Қарбалас жұмыс пен ЖОО-дағы қиын оқу жүйесіне бола баршамыздың да күнделікті спортқа бөлетін уақытымыз аз екені түсінікті. Бұдан өзге нәзік жандылар спорттың денеге ауырлық түсіретінін айтады. Сондықтан спорт түрін денсаулығымыз бен жақсы көретін әдетімізге лайық таңдағанымыз абзал.
Алдымен ең оңайынан бастауға болады. Велосипед, таңертеңгі жүгіру, ролик айдау артық салмақтан арылуға көмектеседі. Арамызда мұндайға шыдай білетін бойжеткен аз болғандықтан, бұлардың орнын жүзумен алмастыруға болады. Ал судың ешкімге де зияны жоқ. Көп дәрігер жүзуді үйренуге кеңес береді. Ол денсаулықты жақсартып, адамның миын сергітеді. Қан қысымын тұрақтандырып, арқа бұлшық етін қатайтады. Ауырлықты сезінген бұлшық еттер калорияны екі есе сіңіріп отырады. Жүзуден қорқамын деушілер аэробиканы таңдау мүмкіндігіне ие. Мұнымен қатар дұрыс тамақтану мен дәрумендер мәселесін ретке келтірсеңіз, қалаған нәтижеңізге жылдам қол жеткізесіз.
Ең бастысы спортпен айналысып бастаған алғашқы күндері өзімізді қинамау. Аптасына 2-3 сағаттың өзі жеткілікті. Алдымен ауырлыққа ағзамызды үйретіп, артынша жаттығу уақытын көбейткен абзал. Егер алғашқы бір айдың ішінде артық салмақтан арыла алмасаңыз, мұңаймаңыз. Мұның барлығы бұлшық еттің ісінуімен байланысты.
Уақыт өте келе спортпен шұғылдану әдетке айналып, денеміздегі май ери бастайды. Мұнымен қатар жаттығуды орта жолдан тастап кетуге болмайды. 1-2 айдың ішінде спортпен шұғылдану әдетке айналып, рақат сезімін сыйлайтын болады. Жаттығудың арқасында бақыт гормоны көбірек бөлініп, көңіл-күйіңіз де көтеріле түседі.
Олай болса, бойжеткендер, іске сәт дейміз! Қыздардың сұлулығы сымбаты мен жібектей нәзік мінезінде екенін жадыңызда ұстаңыз.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: liveinternet.ru