Суыққа аллергия — бұл ағзаның суық факторларға (температура, қар, жаңбыр, жел және суық тағам) беретін реакциясы. Мамандар аллергияның «қарапайым» түрлері мен «суыққа» болатын аллергияның арасындағы айырмашылыққа ерекше көңіл бөледі. «Қарапайым» аллергия түрлеріне гүл тозаңына, кей өнімдерге немесе тұрмыстық химияға деген ағзаның әсерін жатқызсақ, ал «суыққа» болатын аллергия терінің немесе шырышты қабықтың қарапайым салқындауынан туындайды. Басқаша айтқанда, бұл жағдайда агрессивті аллерген-зат жоқ, дегенмен, сыртқы температураның төмендеуі кезінде ағза аса сезімтал болып, белсенді түрде «қорғана бастайды».
Суыққа болатын аллергияның белгілері қандай?
Кейде адамдар мұндай аллергияның белгілерін қарапайым тұмаумен шатастырады. Олардың белгілері шынымен де бір-біріне ұқсайды. Алайда егер мұрыннан су ағу, көздің қышып, қызаруы немесе дененің қышуы далаға шыққанда пайда болып, бірақ жылы жерге кіргенде кетіп қалса, ол суыққа деген аллергияның болғаны.
Суыққа аллергия қалай болатынын шамамен түсіну үшін балалық шақты еске түсіріңіз: сырғанақтан үйге қайтып келе жатқанда тонып қалған бетіңіз бен аяқ-қолдарыңыздың шаншып немесе «инемен тескендей» ауырғаны есіңізде ме? Сондай-ақ, суыққа аллергия терідегі бөртпе түрінде де кездеседі. Оның себебі күрт суығанда терінің шырлы жасушалары гистаминді еселеп бөле бастайды. Нәтижесінде қан тамырлар кеңейеді, тіндер ісінеді, ал адам қышу мен күйдіру және жалпы әлсіздік сезінеді, тыныс алуы мен жүрек соғысы бұзылады. Төтенше жағдайда, тіпті, ішкі органдардың ісінуі де мүмкін.
Қышитын қызыл бөртпелер бір сәтте-ақ пайда болып, он минуттан бастап бірнеше тәулікке дейін сақталуы мүмкін. Дененің қай бөлігі тонып қалғанына мән беру маңызды. Егер қолыңыздан аллергия белгісі байқалса, аязды күні қолғап киюді ұмытып кеткеннен болуы мүмкін. Егер бетіңізге қабыршақ дақтар пайда болса немесе мұрныңыз қызарып ісіп кетсе, көзіңізден жас аға бастаса, суық ауа райында шарф тақпағаннан және капюшонмен қорғанбағаннан болады. Қолғаптар мен шарфтарға аса мән бермегендіктен де суыққа аллергия балаларға қарағанда ересектерде жиі кездеді деген де пікір бар. Себебі ата-ана баланы далаға шығарарда оны жақсылап киіндіреді.
Мамандардың айтуынша, суыққа аллергияның белгілері аязды желмен немесе өте суық сумен байланысуға ғана емес, сондай-ақ ағзаның жалпы жағдайының әлсіздеуіне де тікелей қатысты. Сондықтан қысқа дайындалғанда иммунитетті қатайтуға аса мән берген жөн. Мысалы, мәзіріңіз дәрумендер, пайдалы микроэлементтер мен омега-қышқылдарға бай болуы маңызды. Сондай-ақ теріні суық ауадан, сұйықтықтан немесе заттардан кез келген қолжетімді құралдармен қорғау керек және мұздатылған азық-түлік пен сусындарды қолданбаған дұрыс. Далаға жылы қолғап пен шарфты ұмытпай, теріге майлы әрі құнарлы крем жағып шығу керек. Мұндай суыққа деген жағымсыз реакция көп кездеспейді, алайда өзіңізден оның белгілерін байқасаңыз, асқындырып алмас үшін бірден терапевт, аллерголог және иммунолог дәрігерлеріне қаралыңыз.