Нутрициолог Лаура Сейітбек өзінің инстаграм парақшасында сүйек сорпасын қалай дайындау керегін жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Лаура Сейітбектің айтуынша, сүйек сорпасы үлкенге де, кішіге де өте пайдалы. Сүйек сорпасы - нағыз дәрумендері, аминқышқылдары, коллагені бар табиғи өнім. Ал сүйектің өзі — табиғи коллаген көзі.
⠀
Әсіресе сұлулық пен саулығын күтіп жүргендер үшін таптырмас көмекші. Сорпаның құрамында кальций, магний, фосфор, яғни адамға қажетті дәрумендердің барлығы қамтылған.
⠀
Сүйек сорпасы шаштың, тырнақтың саулығына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар асқазан-ішек жолдарын қалпына келтіріп, ішек ауруларының алдын алады. Буын, аллергия, қан аздық, өт жолы ауруларына да ем.
Дәрігер сүйек сорпасын қалай жасау керегін айтты.
"Сорпаның қайнау ұзақтығы - 8 немесе 22-24 сағат. Баяу отта ұзақ қайнату керек. Сонда ғана сүйектің бойындағы керекті элементтер сыртқа шығады.
Таңдаған сүйек ірі қара малдың жілігі болса, оны жуып қазанға саласыз. Алдымен қатты отта көбігі шыққанша қайнатасыз. Содан кейін көбігін алып, тағы жарты сағат қайнатып, суын ауыстырасыз. Сөйтіп екінші рет қазанға су толтырып, қатты қайнатып аласыз да, сосын баяу отқа қоясыз", - дейді ол.
Маман сорпаға алма сірке суын немесе лимон суын қосуға кеңес берді.
"Егер шамамен 10 литр сорпа қайнатсаңыз, онда 1 лимонды сығып қосасыз. Лимон болмаса, алма сірке суын қосуға болады. Яғни, 1 литр сорпаға 1 шай қасық алма сірке суын немесе 1 ас қасық лимон шырынын қосасыз. Бұлар сүйектегі минералдарды сорпаға шығаруға көмектеседі. Сорпаға дәміне қарай тұз қосып, дайын болған кезде аскөк, сәбіз, жуа қосуға болады. Картоп қосуға болмайды", - деп жазды ол.