Cұлы (овсянка) – адамға күш беретін дәнді дақылдың бірі. Халықтық медицинада қаншама жыл тәжірибеден өткен сұлының қай-қай дертке де шипасы тиеді. Оны қайнатып, езіп, ботқа жасап және салатқа қосып та пайдалануға болады. Сұлыдан дайындалатын қайнатпалар түрлерін, емдік қасиеттерін ұсынамыз.
Дертке дауа қайнатпалар
1. 2 стақан сұлы дәніне 5 стақан қайнаған су құйып, 2 минут қайнатады. Жарты сағат суытқан соң сүзгіден өткізеді. Қайнатпаны 2 ай бойы күніне 3 рет ас ішерден жарты сағат бұрын ішеді. Бір ай үзіліс жасап, емді қайта жалғастырады. Бұл қайнатпаны бүйрек ауырғанда, дене ісінгенде, асқазанның ойық жарасы, аш ішек дерті мен жүйке қызметі бұзылысында емдік пайдасы жақсы нәтиже береді.
2. 100 гр сұлы жармасын 1 бас жуашықпен 1 литр суға қайнатады. Күніне 4 рет 1 ас қасықтан ішеді. Қайнатпаға 1 шай қасық бал қосуға болады. Бұл қайнатпа құрғақ жөтелден тез айықтырады.
3. 1 ас қасық сұлы дәні немесе сұлы жармасына (овсяные хлопья) 2 стақан қайнаған су құяды. Мұны келесі күні шай орнына ішеді. Ол әлсіз адамға күш береді, әсіресе отадан кейін және ауыр дертпен ауырған науқастардың беті бері қарағанда әлсіреген ағзаны тез оңалтады.
Дәрілік шөптің пайдасы
1. Сұлы шөбінен дайындалған тұнба зәр жолдарындағы дерт, іштің желденуі, әлсіреу, жұмыстан шаршап, қалжырау және ұйқысыздықта пайдалы. 2 ас қасық шөпті еттартқыштан өткізіп, үстіне 1 стақан спирт құяды. Тұнба жылы жерде 14 күн тұрады. Күніне 2 рет тамақтың алдында осыдан 20-30 тамшыдан қабылдайды.
2. Ревматизм, радикулит, буынның өзге дерттерінде балғын сұлы сабанынан бұлау дайындаса шипа болады. Ол үшін 1 кг сұлы сабанына 5 литр су құяды да жарты сағат қайнатады. Сосын сүзгіден өткізіп, ваннадағы суға қайнатпаны құяды.
3. Сұлыдан дайындалған квас асқазан үшін пайдасы бар. 1 стақан сұлыны 3 литрлік банкіге салады да үстіне 3-4 ас қасық қант, сол мөлшерде мейіз қосып, су құяды. Бетін дәкемен жабады да 3-4 күн қояды. Дайын квасты шыны ыдысқа құйып, тоңазытқышта сақтайды.
Сұлыдан дайындалатын ботқалар
1. Таңертең жеген сұлы асқазан-ішек жолдарын жақсартады. 1 стақан сұлы жармасына 1 стақан су құйып, аздап тұз себеді де баяу отта 15 минут қайнатады. Таңертең оны жылытып сүт немесе қаймақпен араластырып жейді.
2. Балалардың іші қатқанда сұлы жармасынан дайындалған ботқа пайдалы. Бірақ мұны қайнатпай, шай секілді тұнба жасаған дұрыс.
3. Іш өткенде 100 гр сұлы жармасына 1 литр қайнаған су құяды да, 4 сағат қояды. Содан соң қою болғанша қайнатады. Мұны күні бойы жейді.
4. Ботқа салмақ тастауға көмектеседі. Диетаны 7-10 күн ұстайды. Сұлыдан дайындалған ботқаға қант, тұз салмайды. Бұл күндері сұлыдан дайындалған өзге де азық-түлікті жей алады. Сонымен қатар, ботқаға таңертең кептірілген жемістер (қара өрік) қосуға болады.
Теріні тазалайды әрі нәрлендіреді
Теріні тазалайтын косметикалық зат ретінде пайдалана аласыз. Сұлы жармасын еттартқыштан немесе кофе ұнтағыштан өткізіп, 2 ас қасығына қайнаған су құйып, ботқа жасайды. Масканы бетте 20 минут ұстайды.
Ұнтақталған сұлы жармасына 1 шай қасық ас содасы мен 2 шай қасық тұз қосып, су құяды. Қою болған масканы бет пен мойынға жақса, теріні тереңінен тазартады.
2 ас қасық бал, 1 ас қасық қою қара шай, 2 ас қасық сұлы жармасы, жарты ас қасық зәйтүн майы – барлығын бірге араластырып, бетте 15 минут ұстайды. Артынан жылы сумен жуады. Құрғақ бет терісі үшін сұлы ұнын жарты стақан сүтпен араластырып қайнатады. Суыған соң 1 ас қасық бал қосып, бетте 20 минут ұстап тұрады. Артынан жылы сумен жуып тастайды.