Жаздың аптап ыстығынан толқынды теңіз, көл мен өзен суына шомылып қана құтылуға болады. Демалыстарын жағажайда жоспарлаған адамдар үшін су аттракциондары да көңіл көтерудің таптырмас құралы. "Таблетка", "банан", су шаңғысы, парашюттар мен су мотоциклін ірі демалыс аймақтарынан табуға болады. Бірақ, олардың қаншалықты қауіпті екенін бір сәт ойланып көрдіңіз бе?
"Таблетка"
"Таблетка" және "банан" деп аталатын үрмелі шарға жайғасып су бетімен асқан жылдамдықта сырғанау екінің бірінің қолынан келмейді. Олар жылдам, сырғымалы, толқынның бағытына сай өзгеріп отырады. Үстінде отырған адамды қорғайтын тек құтқарушы жилеті мен арнайы ұстағышы бар демесек, кенет құлаған жағдайда немесе толқынның күшті соққысынан жарақат алу мүмкіндігі жоғары. Соның ішінде, омыртқа мен қол-аяқтың сынуы, бастың шайқалуы жиі кездеседі.
Парашют арқылы секіру
Қайыққа жалғанған парашют арқылы көл үстінде көңіл көтеру арзан емес. Әдемі табиғат аясы, биіктік пен аздаған қорқыныш адамға әртүрлі сезім сыйлайды. Дегенмен, парашюттың ұшпай қалуы, суға қатты күшпен құлауы және желдің қатты болуы салдарынан ұшып басқа қайықтарға немесе шатырға соғылу қаупі жоғары. Қатты жарақат алып қана қоймай, адамдар қаза тапқан жағдайлар да кездескен. Мысалы, Ресейдің курортты қаласы Анапада бір қыздың парашюті желдің әсерімен оны ұшырып жіберген. Нәтижесінде, қайыққа бар күшімен соқтығысып, сол жерде қаза тапқан.
Аквапарк
Биіктен сырғанап келіп, бассейнге түсетін аквпарктерде демалу орындары да өзгелердей қауіпті. Өйткені, бұндай жерлерде жоғары жылдамдықпен сырғанап келе жатқан екі адамның соқтығысуы жиі орын алады. Нәтижесінде, қатты соққыдан бауырдың жыртылуы, ішкі жаралар, бүйрек пен өкпенің ауырсынуы байқалған.
Көп жағдайда демалыс орындарындағы бақылаушы әрі нұсқаушылар қауіпсіздік ережесін түсіндіре бермейді. Жарақат алу, дененің көгеруі мен ашық күн астында ұзақ жүргеннен күю де жиі кездеседі. Сондықтан, жағажайға демалысқа бармас бұрын ауа райын, баратын жеріңіздің қаншалықты қауіпсіз әрі сапалы екендігін тексеріп алғаныңыз жөн. Құтқарушы, нұсқаушы қызметін кімдер атқарады, соған да мән беріңіз. Өйткені, көп жағдайда жұмысқа жасөспірімдерді алады.