Солтүстік жүріс – еуропалықтар әуестене бастаған салауатты өмір салтын сақтайтын спорттың жаңа түрі. Қысқы қақаған аязда да, жазғы аптап ыстықта да қаланың саябақтарындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолдарда немесе тау соқпақтары мен қыраттарында шаңғы таяқшасын қолына алып басқаша жүріспен жаяулатып бара жатқан адамдарды көзіміз шалып жатады. Иә, қолында шаңғы таяқшасы болмағанымен, аяқтарында шаңғысы жоқ бұл адамдер не бітіріп жүр деп ойлаған да боларсыз. Білмесеңіз, айтайық: олар өздерінше спортпен айналысып жүр. Фитнестің мұндай жаңа түрі баяу жүріспен де танымалдылыққа ие болып еді.
Спорттың жас түрі саналатын солтүстік жүрістің авторы – фин шаңғышысы Юхе Мието. Жетпісінші жылдары ол алғаш рет өз елінің ұлттық құрамасына шаңғының екі таяқшасын қолға алып, ойлы-қырлы жерлермен жүріп өтуге арналған жазғы дайындықты енгізді. Ал жарыс кезінде «сазды жердің шаңғышыларының» (бұл экзотикалық әдісті жақтаушыларды осылай атаған) таяқшамен жаттықпайтындарының спорттық жетістігі көбірек болатындығы белгілі болды. Юхе Миетоның өзі әлденеше рет олимпиадалық чемпион атағына ие болған. 1976 жылы 4-тен 10 километрге дейінгі аралықтағы эстафетада жеңіске жетіп, Олимпиада чемпионы атанды. Баяу жүгіру мен солтүстік жүрістің айырмашылығы жоқ емес: солтүстік жүрісте жүргінші үшін жылдамдықтың дым да маңызы жоқ, олар ешқайда да асықпастан табиғатта серуен құрып жүреді. Арасында тынығып та алады. Сол уақытта дұрыс тыныс алуға арналған жаттығуларды жасап алады. Осы арқылы олар төзімділікке, шапшаңдылыққа үйренеді. Мұндай жүрісте өзін-өзі бастан-аяқ қалыпты ұстап, жүрістің заңын бұзбаған жүргінші мен артық майдан арылғысы келетін жүргінші ғана жақсы нәтижеге ие бола алады. Соңғы кездері жүрек ауруы бар адамдардың көбі көп жүгірмеуге тырысады. Ал мынау скандинавиялық жүріс оларға да тиімді. Соңғы кездері тізе буыны ауыратындар да осы жүріспен айналысуда. Бұл жүріс оларға оңайға соғады. Өйткені барлық салмақ «қосымша екі аяқтың» рөлін атқаратын шаңғы таяқшаларына түседі. Сонымен қатар, спорттың бұл жеңіл түрі үлкен жастағы адамдардың да айналысар жаттығуына айналып отыр. Өйткені құр отырғаннан, осылай жай жүріске салудың пайдасыз тұсы бола қоймас. Мойындайықшы, адамның қолында сүйенетін бір заттың болғаны оған тиімдірек емес пе? Міне – солтүстік жүрістің басты құралы саналатын таяқшалардың жаяу жүріске пайдасының көптігі.
Бұл жүріске бөлінген екі апта өткен соң көбі өз денсаулықтарында өзгерістің барын байқай алады. Бұрындары жаяу жүруге зауқыңыз соқпаса, енді кез келген бұрышқа жаяулатып кетіп қалғыңыз келіп тұрады. Қолына таяқша ұстап солтүстік жүріспен кетіп бара жатқан адамдарды көрген кейбір еріктілер де бірден шаңғы таяқшаларына жабыса кетіп, олар да жүргіншілердің соңынан ілесе береді. Өйткені мұның ешқандай да қиындығы жоқ. Жай ған қолыңызға таяқшаларды алыңыз да, жаныңыз қалайтын тыныш орынға тартып кете беріңіз. Әйткенмен солтүстік жүрістің өзіндік құпиялары да жоқ емес. Дұрысы – соларды қатаң сақтау:
- Сонымен, денемізді тік ұстаймыз! Алдыға қарай еңкеюдің қажеті жоқ;
- Дәл жүгірген кездегідей солтүстік жүрісте де оң аяқпен бірге сол қол жұмыс жасауы керек. Одан соң, керісінше.
- Жаттығуды қызықты қылу үшін оң аяқпен сол қолды да байланыстырып тұруға болады. Осы арқылы адымыңызды үлкейтіп те отырғаныңыз дұрыс.
- Қолымыз алдыда жүргенде таяқшаның ұстағышының жанындағы білезік жиырылады. Ал артқа қарай кеткенде қайта жазылады.
- Алдымен өкшеге салмақ салып, сосын аяқтың ұшымен жүреміз.
- Қозғалыс кезінде булығып қалмай бес сөзден тұратын сөйлем айтсаңыз да болады.
- Жүріп келе жатып, бір-екі дегенде ауаны ішке жұтып, үш-төрт-бес дегенде ауаны сыртқа шығарамыз. Мұны 20-25 минуттай жасау керек.
- Егер денені шынықтырғыңыз келсе және арықтап, артық майдан құтылғыңыз келсе, бұл жаттығумен күнінен 30-40 минуттан аз айналыспауға тырысыңыз. Сонда айына 2-3 кг-дай салмақ тастайсыз.
- Айтпақшы, бұл жаттығуға кіріспес бұрын алдын ала дәрігерден кеңес сұраңыз.
Солтүстік жүріс спорт түрі жүрек-қан тамырлары аурулары мен тыныс жолдары ауруларына шипа бола алады. Сонымен қатар ол ішкі ағзаның аурулары, жұқпалы аурулар мен жүрек ауруына да ем.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: mon-charme.ru