Соқырішек (аппендицит) – іш ауруының бір түрі. Аяқ астынан ұстайтын ауру болғандықтан, көбіміз одан қатты қорқамыз. Сондықтан соқырішек асқынып кетпей тұрып, алдын ала белгілерін дәл танудың маңызы зор.
Аппендициттің белгілері қандай екен, соған тоқталып өтейік.
Соқырішектің басты екі белгісі бар: бірі – дене қызуының көтерілуі, екіншісі – іштің оң жағының тартылып ауруы. Іштің сол жағы аса ауыра қоймайды. Аппендицидті тануға мынандай лайфхак көмектеседі. Егер іштің оң тұсы ауырып бастаса, сол жағын біраз басып көріңіз. Сол кезде іштің ауруы басыла қалады. Ал босатып жіберсеңіз, қайта ауырады.
Мұның себебі мынада. Ащы ішектің асқазанмен жалғасқан тұсында мол сұйықтық болады. Іштің сол жағын басқан кезде, сұйықтық оңға қарай құйылып, қабынуды басқандай болады.
Соқырішектің тағы бір белгісі – оң аяқты бүгіп көтергенде ауырсыну күшейіп кетеді. Құсу мен тәбеттің жоғалуы да – соқырішектің белгісі.
Соқырішек бір қарағанда пайдасыз, ағзаға түк қажеті жоқ нәрсе болуы мүмкін. Адамға зияны шаш етектен, түптеп келгенде, ота жасап алып тастайтын ішек сияқты көрінеді. Алайда аппендициттің биологиялық қызметі зор. Әсіресе, адамның иммунды жүйесін қалыптастыруға зор ықпал етеді.
Тоқ ішекте адамның иммунды жүйесін қалыптастыратын жасушалар мен микрофлоралар, пайдалы бактериялар жиналғаны белгілі. Егер тоқ ішек ағзаға түскен патогенді бактерияларға қарсы күресе алмаса немесе қандай да бір жағдайлармен (көбінесе, іш өту, диарея) пайдалы бактериялар шайылып кетсе, дәл осы соқырішектегі пайдалы бактериялар көмекке келеді. Америкалық зерттеушілер Рэндал Боллингер мен Вильям Паркердің 2007 жылғы зерттеуінде соқырішектің ішінде пайдалы бактерия-көмекшілердің көп болатынын анықтаған.
Соқырішектің әсіресе ішек инфекциясы кезінде көмегі зор. Бірақ ішек инфекциясы ыстық аймақтарда, тропикалық елдерде көп тарағандықтан, біздің аймақ аса қауіпті емес.