Эволюция теориясы бойынша адам маймыл тәріздес жануардан тік жүретін тұлғаға айналу үшін миллиондаған жылдар кетті. Бірақ заманауи технологиялар бұл жетістікті жоққа шығара алады дейді ғалымдар. Ұялы телефондар, смартфондар мен гаджеттерді күнделікті қолдану адамды бүкірейтіп, жүрісін өзгерте бастапты.
The Telegraph басылымында жарияланған осы салада жүргізілген тәжірибеге 26 ерікті қатысқан. Олар алғашында жолдарын еш телефонсыз жүріп өткен екен. Артынан мамандар қолдарына смартфон ұстатып, онда хабарлама жазып, не оқып өтуді сұраған. Тәжірибеге қатысқан адамдардың жүрісін, денесінің қалпын компьютер тіркеп отырған. Зерттеу нәтижесінде хабарлама жазу адамды бүкірейтіп, жүрісін жаман жаққа қарай өзгертетіні байқалды. Басын алдыға қарай бүгіп, телефонға үңілгендер түзу жол бойымен жүріп шыға алмады. Оған қоса осындай қалыптағы адамның басы мен омыртқасы 15 келі салмақтай қосымша жүктеме алады екен. Иық пен мойын бұлшық еттері де осы қалыпта зақымданады.
Сиобан Чабрун, Квинсленд Университетінің маманы: "Осы жағдайлардың бәрі адам денсаулығына зақымын тигізіп, жақын болашақта жаман әсер етуі мүмкін. Біздің жүргізген тәжірибе жүріп бара жатқанда еш телефонды, смартфонды және басқа да гаджетті қолдануға болмайтындығын көрсетті".
Айта кетсек, физиотерапевт дәрігерлер соңғы кезде телефонды жиі және ұзақ уақыт қолдану салдарынан болатын жарақат түрі жиілей бастағанын айтады. Ал Сан-Франциско Университетінде жүргізген зерттеу смартфондарды жиі қолданатын адамдардың 83%-ы гаджет қолдану барысында мойындары, саусақтары ауыратынын көрсетті. Сондай-ақ хабарлама арқылы тілдесу кезінде адамдар демін кідіртеді екен, ал бұл өз кезегінде жүрек қағысының тездетуіне әкеледі екен.
Заманауи гаджеттерді қолдану адам денсаулығына қандай да бір зардап тигізетіні бірінші рет анықталып отырған жоқ. Сондықтан смартфонды қолдануды барынша шектеңіз. Жүріп бара жатқанда телефонды мүмкіндігіңізше аз қолданыңыз.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: u-live.ru