Шылымның шырмауы

Шылымның шырмауы

Сыртқы ортаны қорғау мәселесімен қазір тек ғалымдар ғана емес, көптеген елдердің үкіметтері, түрлі қоғамдық ұйымдар, басқармалардың айналысатыны белгілі. Адамның микро ортасын қорғауға да барған сайын көп көңіл бөлінуде. Ауаның тазалығын, тұрмыстық және қоғамдық үй-жайларда белгілі бір температураны сақтауды тек гигиенистер ғана жақтап отырған жоқ. Ал шылым шегу – ауаны ластаудың көздерінің бірі екенінде ешкімнің күмәні болмаса керек.

Ол – ол ма, жүйелі түрде шылым шегу ағзаны уақытына жетпей тоздырады, көптеген аурулардың барысын ауырлатады. Ол өкпе, ауыз қуысы, көмекей, өңеш рагын айтпағанда бронхит пен өкпе эмфиземасының, асқазан жарасының дамуына мүмкіндік туғызады.

Өкінішке орай, «Темекі дерттері» папирос пен сигарет құлдарының өздерін ғана нысанаға алып қоймайды. Шылым шегушілер қайткен күнде де темекі тартпайтын адамдардың денсаулығына зиян келтіреді. Айталық, егер жабық бөлмеде 10 сигарет тартылса, осында отырған темекі тартпайтын адамның жұтқан түтінінің жалпы мөлшері бір сигарет тартқанмен тең болады.

Шылым шегетін екіқабат әйелдер өздерінің болашақ мұрагерлерінің барып тұрған уландырушылары екенін зерттеушілер ерекше атап көрсетеді. Ата-аналары шылым шегетін балалардың өкпе немесе тыныс алу жолдары ауруларының құрбандығына шалыну мүмкіндігі жоғары болады.

«Өрттің себебі – шылым шегу» - әбден жауыр болған плакатқа селқос қарап, көзбен сүзіп өттік. Алайда шылым шегушілердің, әсіресе, мастардың кінәсінен материалдық үлкен нұқсан келтіретін, ал кейде тіпті адамның өліміне соқтыратын өрттер шынында да жиі болады.

Біздің елімізде өнеркәсіп қалдықтарын тазартатын жоғары тиімді құрылыстар салынуда, автомобильдердің пайдаланылған газындағы зиянды заттарды шектейтін ережелер жасалуда. Зауыт-фабрикалар салудың барынша қолайлы архитектуралық-жоспарлау шешімдері атмосфералық ауаны тазартуға мүмкіндік туғызады. Алайда қоғамның «аспанды ыстаушыларға» неліктен тым төзімді қарайтыны таңдандырады. Мекемеде өз жұмыс орнында темекіні бұрқыратып отырған адамға тоқтау қаншалықты сирек жасалады. Бөбектің көзінше темекі тартып тұрған жас ананы ақылға шақыру неліктен әдепсіздік деп саналатыны да белгісіз.

Шылым шегуге қарсы шығушылар мұндай төзімділікке ашынады. Кейбіреулер жастардың арасында шылым шегумен әуестенушілік үшін фильмдер мен телевизиялық қойылымдар кінәлі деп есептейді, өйткені бұлардың жағымды кейіпкерлері үздіксіз темекіні бұрқыратып тартады.

Организмге зиянды барынша аз келтіру үшін қандай шылымды және қанша тарту керек екенін жиі сұрайды. Біреулер қағаз фильтрлі сигарет тартса, никотиннің әсерін барынша кемітуге болады деп есептейді. Өзге біреулер никотинге қарсы мақтаны мадақтайды, үшінші біреулер шылым шеккенде оның  түтінін тым терең жұтуға болмайды деп сендіреді. Тіпті насыбайды немесе... кальянды насихаттаушылар да табылады.

Қай пәленің зияны аз екенін жорығанша, одан мүлде құтылуға тырысу керек.

Ең бастысы: шылым шегуден бас тартуға өзіңді іштей көндіре білу. Бұл үшін оның денсаулыққа зиянды және тым қауіпті салдарын көз алдына айқын елестету керек.

Темекі тартуды толық және біржолата тастау жөнінде берік те бұлжымайтын шешім қабылдау қажет. Ал мұны қалай істеген жақсы: бірден бе, әлде біртіндеп пе – бұл шылым шегушінің жас шамасына байланысты. Жастар мен орта жастағы адамдар шылымды көптен бері және күніне, тіпті, 1-1,5 қорап темекі тартатынына қарамастан, темекі тартуды бірден қойып кете алады.

Егде жастағы адамдардың шылым шегуді біртіндеп тастағаны жөн: алдымен темекінің жартысын кесіп тастап, бұлардың әдеттегі санын тартады. Бұдан соң осындай жартылардың санын күн сайын кемітіп, 10 – 15 күннің ішінде тәулігіне 7 – 10 ретке жеткізу, соңынан шегуді мүлдем қою керек.

Шылым шегуді демалыс кезінде, санаторийде, туристік жорықта, сондай-ақ ауырған кезде тастаған жақсы.

Темекіні тастауға бел байлаған адамды үйде де, жұмыста да айналасындағылар барынша қолдаулары керек. Егер жанұяда бірнеше адам шылым шегетін болса, бәрінің де оны бір мезгілде қойғаны дұрыс. Егер жұмыста бір бөлмеде істейтін барлық қызметкерлердің бәрі темекіні бірге тастаса, жақсы болар еді. Алайда, темекіні оқта-текте болсын ауызға салу көбінесе бұрынғы көлемде шылым шегуге жетелейтіні сөзсіз. Спиртті ішімдіктерді қабылдау бірқатар жағдайда темекіні қайталап тартудың себепкері болады, өйткені масайғанда, шылымға деген құштарлық арта түседі. Сондықтан шылымды қойған адамның спиртті ішімдіктерді қабылдауды да тоқтатқаны жөн.

Соңында тағы бір маңызды сұрақ: шылым шегуді қоюға бел байлаған адамға қандай жағдайда дәрігердің көмегі қажет болады? Шылым шегушілердің басым көпшілігі (90 – 95 пайызы) темекі тартуды өз бетімен немесе тек жәрдемші сипаты бар симптоматикалық емдік шаралар деп аталатынның көмегімен тастау кезінде пайда болатын жоғары нерв қозғыштығынан, ұйқының бұзылуынан, тынышсыздану, абыржу сезімінен, жалпы әлсіздіктен, жүректің тез соғуынан арылуға мүмкіндік береді. Егер осы жанама құбылыстар пайда болса, емдейтін дәрігерге бару керек. Ол темекіге құштарлықты іс жүзінде ауыртпалықсыз жеңуге көмектесетін дәрі береді. Шылым шегу жүрек айнытатындай болу үшін дәрігерлер ауызды шаюға түрлі тұтастырғыш дәрі-дәрмектер береді. Алайда олар тұтастырғыш әсерінен 1 – 1,5 сағаттан соң, сондай-ақ тамақтанған және сусын ішкеннен кейін айырылатындықтан, ауызды жиі-жиі, күніне бірнеше рет шаюға тура келеді.

Жалғасы бар.

 

Суреттер Ғаламтордан алынды

С. А