Жыл сайын Қазақстанда кәмелетке толмаған бүлдіршіндердің шылымға әуестілігі артып келеді.
Шылымға құмар жасөспірімдердің санын санап отыра бергенше, әрбір ата-ана өз баласына шылымның барша зияны пен жағымсыз тұстарын айтып отыру керек. Әрине, балалармен сөйлесу де арнайы психологиялық көмекті қажет етеді. Өйткені жасы өскен сайын олар түрлі мінез шығарады.
Балаға ата-анадан басқасының жаны ашысын ба? Денсаулыққа ауыз толтырып айтарлықтай зардабы бар шылымның құрамында улы никотиннің болатынын жиі ескертіп отыру керек. Күн сайын оны естіп өскен баланың темекіге деген жеккөрушілік сезімін ояту қажет. Тиісінше балаңызды (ініңізді) спортқа бергеніңіз дұрыс.
Кішкентай жастағы бүлдіршіндермен сөйлескенде:
Оларға шылым шегуден келетін зардаптар жайында тура айтыңыз. Егер сіздің шылым шегуден денсаулығына қауіп төндіріп, ауруға шалдыққан жақындарыңыз болса, соларды басты нысанаға алып ескертсеңіз де болады. Балаңыздың өзін-өзі бағалау қасиетін арттыруына жәрдем беріңіз. Егер олар өздеріне сеніп отырған жандардың барын білсе, кез келген жағымсыз дүниелермен алысуға дайын тұрады. Оларға біреу шылым ұсынғанда, алмауды үйретіңіз. Достарымен жүрген кезіндегі сәттерін мысалға ала отырып, оған сценарий құрыңыз. Ойын ретінде ұйымдастырып, өзіңіз де белсене кірісіп ойнаңыз. «Егер сенің жан досың саған темекі шегуге ұсыныс жасаса, не істер едің?» деген ситуациялық сұрақтар қойыңыз. Оған «жоқ» деп айтуға шамасы келетіндей етіп күш беріңіз. Сонымен қатар суреттерден немесе теледидардан көрсетілетін шылым шегетін адам мен мүлде тартпайтын жандарды салыстырып отырыңыз.Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: semija.ru