Тамаққа шыбын түсіп кетсе, жиіркеніп төге салатын әдетіміз бар. Бұл қаншалық дұрыс, соны анықтап көрейік.
Шыбынның табиғатта алар орны ерекше. Гүлді тозаңдауға, өсімдіктің таралуына әсер етеді. Жәндікпен қоректенетін жануарларға азық болады дегендей.
Бірақ пайдасымен бірге зияны да көп. Табиғатта шыбынның түрі өте көп. Бірақ адамзатқа ең жақыны – кәдімгі үй шыбыны. Ғылымдағы атауы – musca domestica.
Үй шыбынының бір жаман қасиеті бар: ол – қоқыс пен өлексе маңында, дәретхана жанында көп жүретіні. Сондай сасық жерге үймелеп алады. Ал лас жерде патогеннің құжынап жататыны айтпаса да түсінікті. Шыбынның аяғы мен қанатына, денесіне ілініп қалған микроб пен басқа да ауру туғызатын патогенді заттар үй ішіне келіп, одан тамаққа түсіп, адамның ішіне кетуі мүмкін. Мұның бәрі бастан-аяқ процесс, ұзақ жұмыс әрине. Бірақ бәрі де мүмкін.
Бірақ ескере кетер бір жайт бар. Шыбын тамақтың өзін біз сияқты кесіп-бөліп не түйір-түйірімен жей алмайды. Тамаққа түскен не отырған шыбын бірінші сілекей-ферментін бөліп, азыққа сіңіреді де, кейін соны сорып азықтанады. Егер шыбын тамақтың үстіне ұзақ қонып қалса, онда міндетті түрде сілекейін жағып үлгерді деген сөз. Ал жай түсіп кетсе, онда үлгермегені.
Сондықтан шыбын түскен тамақтың бәрін төгіп қажет емес. Шыбынның патогенді паразиттерді тасып жүретіні рас, бірақ тамаққа бір рет түскен шыбынның патогенді заттарды тастап не жағып кететіндей халде болмайды. Сол себепті ең алдымен шыбынның тамақтың үстінде ұзақ қонып, үймелеп қалмағанын қадағалау керек. Ол үшін тағамның бетін жауып қойыңыз.
Дін не дейді?
Бір қызығы, шыбынның асқа түскенде не істеу керегі жайлы ислам дінінде хадис бар екен. "Кей адамның (су немесе тамақ) ыдысына шыбын түссе, батырып жіберіп, қайта алып тастасын. Өйткені қанаттарының бірінде ауру, енді бірінде шипа бар" деп хадис қалдырған екен Мұхаммед пайғамбар.
Әуелі, шыбынның микроб тасуы, сол кездегі адамдар үшін беймәлім нәрсе еді. Шыбын бір сұйық затқа түскенде, қанаттарының бірін сақтықпен, жоғарыда ұстауға тыры- сады. Екі қанатын бірдей батырмайды. Өйткені қонған жерінен қайта ұшқанда, құрғақ қанаты оның ұшып кетуіне жеңілдік жасайды. Осылайша ұшып кетеді, бірақ ішкен астарымызға қалдырған микробтарымен бізге де ауру жұқтырады.
Екіншіден, (мұндай жағдайда ескертілген нәрсе) шыбын түгелдей ыдысқа батырылып, қайта шығарылып тасталады. Өйткені оның бір қанатында микроб, екінші қанатында сол микробты жоятын антимикроб бар. Өліммен арпалысқан шыбынның арқасынан нұқып кеп жібергенде, сақталған антимикроб құтысы жарылып кетеді. Осылайша шыбын алғашқы қанатымен жұқтырған микробты дезинфекциялайды. Бұлай жасау діни міндет болмаса да, қажет жағдайда қолдануға болатын ғылыми ақиқат.
Бұл мәселенің ғылыми тұжырымын ғалымдар шыбынның арқасынан басқан кезде микроскоп арқылы кейбір микробтардың кәдімгідей қимылдап жүргендерін растайды. Бүгінде олардың стерилизация қызметшілері екеніне ғалымдар толық көз жеткізіп отыр.