- Негізгі бет
- Денсаулық
- Шоколад − жүкті...
Шоколад − жүкті әйелдерге пайдалы
Канададағы Лаваля университетінің ғалымдары шоколадты екіқабат әйелдер үшін пайдалы азық-түліктердің қатарына қосты. Мамандардың 12 апта жүргізген тәжірибесі бойынша шоколад жеу іштегі нәрестенің денсаулығын жақсартатыны белгілі болды, - деп жазады шетелдік БАҚ.
Тәжірибеге жүктілік мерзімі алғашқы үш айдағы және екінші үш айға кеткен 129 әйел қатысты. Қатысушылардың бір тобы күнде құрамында какаосы жоғары 30 грамм шоколад жесе, екінші топ какаосы төмен шоколад жеген. Келіншектерге тәжірибе аяқталған соң Доплер ультрадыбыстық зерттеуін жасады. Оның көмегімен іштегі нәрестенің және бала жолдастың денсаулығы өлшенеді. Сонымен бірге ғалымдар әйелдерді босанғанға дейін бақылап жүрді. Шоколадты жеу болашақ ананың қан айналымын жақсартып, іштегі баланың дұрыс өсуіне оң әсер етуі ғалымдарды таңғалдырды.
«Шоколад құрамында болатын флавонидтер баланың денсаулығына айтарлықтай оң әсерін тигізді. Әсіресе ол қара шоколадта көп. Сондықтан да жүкті әйелдердің тағам рационына шоколадты қосуға болады. Ол іштегі нәрестенің денсаулығына әсер етіп қана қоймай, ісінуден, қан қысымының көтерілуінен сақтайды», - деді дәрігер Эммануэль Бюжольд.
Дереккөз: inform.kz
О. Сансызбай