- Негізгі бет
- Денсаулық
- Шала туылған сәбилерге...
Шала туылған сәбилерге қандай күтім керек?
Халықаралық шала туған нәрестелер күнін еліміздегі перзентханалар кеңінен атап өтіп жатыр. Шара барысында ерте туылған сәбилері бар отбасылар кездесетін қиындықтар мен мәселелер жайында сөз қозғап, пікір алмасты.
Әлемде «ақ жапырақша» күні аталып кеткен мерекені 6 жылдан бері еліміздегі дәрігерлер де назардан тыс қалдырмайды. Дәстүрге сай мерзімінен ерте туғандар мен олардың аналары бас қосып, «Шалабайлар» тақырыбында пікір алмасты. Ал перинаталдық орталықта жатқан шақалақтарға түрлі сыйлық табысталды. Мәселен, елордада өткен жиында сәбилерге қолдан тоқылған киімдер берілді.
“Айына бір рет жиналып, шала туған сәбилерге арнап киім тоқимыз. Біздің еріктілер еліміздегі әр қалада бар. Осы күнге дейін 5 мыңнан аса киім сыйлап үлгердік”, − дейді еріктілер клубының мүшесі Карла Нұр.
Ерекше мереке Алматыда да кең көлемде аталып өтті. Оған да шала туғандар мен олардың аналары арнайы шақырылған. Солардың бірі – кішкентай Әбдікәрім. Оның салмағы туғанда небәрі 1300 грамм болыпты.
“Салмағы кішкене аздау болуы мүмкін. Бірақ бойы жағынан алғанда, балабақшадағы қатарлас балалардан кем емес”, – дейді Әбдікәрімнің анасы Алуа Әубәкірова.
Бір перзентхананың өзінде жылына 8 мыңнан аса сәби дүниеге келсе, олардың мыңға жуығы мерзімінен бұрын туылады. Бүгінде заманауи медициналық құрал-жабдықтар мен ерекше күтімнің көмегімен ондай нәрестелердің 95 пайызы аман қалады екен.
Уақытынан бұрын дүниеге келген нәрестелер жансақтау бөлімінде жатып ем алады. Олардың тыныс алу мүшелері дамып жетілмегендіктен «Сипап» деп аталатын арнайы құрылғының көмегімен тыныстайды. Ал дене салмағы 1 жарым келіге жетпейтін шақалақтар кувезде, салмағы бұдан асатындары арнайы реанимациялық үстелде жатып, дәрігерлердің қатаң бақылауында болады.
Қалалық перинаталдық орталықта туған ең кішкентай сәбидің салмағы 495 грамм болыпты. Ал дәл қазіргі уақытта мұнда шала туылған 10 шақалақ жатыр. Мамандардың айтуынша, шақалақтар классикалық әуен тыңдағанды әрі суға түскенді жақсы көреді екен. Бұл, әрине, сәбилерге оң әсерін береді.
Дереккөз: ktk.kz
С. Ерсін