Кімнің де болса жинақы болып, сымбатты болып жүргісі келеді. Дегенмен артық салмақ жию көпшілік жандарға тән. Ал негізінен бұл кейбір тағам түрлерін жиі тұтынудан болады екен. Осы орайда мамандар мынадай сегіз түрлі тағам түрлерін семірудің басты себепкерлері деп атайды: 1. Ақ нан.Жоғары сұрыпты ақ ұннан жасалған тағамда тез сіңірілетін көмірсулар көп. Ақ нанға май жағып, шұжық қосып жеген адамның ағзасына глюкоза көп түседі. Қанға түсетін қантты ыдырату үшін ағза инсулинді көп бөлуге мәжбүр. Мұндайда адам тез тойынған сияқты болады да, арада бір жарым сағат өтпей ашығуды сезінеді. Сосын қайта-қайта тамақ іше береді. Ақырында семіреді. 2. Балғын шырындар.Балғын жемістен қазір ғана сығып алынған шырында табиғи қант көп, есесіне ас қорытуға қажетті жасұнық жоқ. Егер шырынды ашқарынға ішсе, ол да қанға инсулиннің көп бөлінуіне себеп. Кейін оның мөлшері бірден азаяды. Бұл кезде адам өзін аш сезінеді. Сөйтіп үстін-үстіне тамақ жеуге мәжбүр болады, семіреді. 3. Құрамында соясы бар азықтар.Құрамында соя немесе оны өңдеуден алынған заттар бар азықта ағзаға эстроген (әйел жыныстық гормоны) сияқты әсер ететін изофлавондар болады. Оның тепе-теңдігі бұзылуы ағзаға май жиылуына әсер етеді. Мұндай заттар әсіресе консерві, фаст-фуд сияқты азықтарда көп кездеседі. 4. Майонез.Мұның құрамында тәбетті ашатын сірке суы, тұз, қыша, май, қант көп. 5. Дәмдеуіштер мен басқа да қоспалар.Дәмдеуіштер (әсіресе ащы, өткір, тәтті) адамды тамақты көп жеуге итермелейді. 6. Дайын таңертеңгіліктер.Тез пісетін ботқа, жарма сияқты азықтар да дене салмағын арттырады. Әсіресе дайын таңертеңгіліктерде адамды тез тойындыратын көмірсулар көп, бірақ екі сағат өткесін бірден ашықтырады, содан адам тағы бірдеңе жегісі келеді немесе түскі асты тоя ішуге мәжбүр болады. Бұл да семіруге апарады. 7. Қант алмастырғыштар.Бұларды негізінен ағзада қант сіңіретін инсулин түзілуі болған қант диабетімен ауыратындар жиі қолдануға мәжбүр. Ол қанға инсулин бөлгізу үшін керек, дегенмен инсулин бөлінгенімен де қанға глюкоза түспейді. Содан қарын ашқандай сезім тереңдей түседі де, адам тамақты көп жейі. Мұндай стресс жиі қайталанса зат алмасуы бұзылып, диабет пайда болуы әбден мүмкін. 8. Тұздалған, маринадталған тағамдар.Дәмдеуіш, тұз, сірке суы қосылған, маринадталған тағамдарды да адам сүйсіне жейді. Өйткені ол дәм сезетін рецепторларды қоздырады, сол арқылы тәбетті күшейтеді. Сосын адам артық ішіп-жеп қояды, бірте-бірте семіреді. Әсіресе ол ішімдікпен, араласа қиын. Өйткені көңілді отырған адам өзіне есеп бермейді, тәбеті ашылып, ішіне тықпалай береді. Алкоголь ағзаға түскесін көмірсуларды тезірек ыдыратады, сол арқылы тағы да ішіп-жей берге ынталандырады. Ал бұл аталған азықтардың орнына қандай азық тұтынған дұрыс? Бұған қатысты мамандар мынадай кеңестер береді: Құрамында жасұнық, кебек, витаминдер сақталған екінші сұрыпты ұннан пісірілген нан пайдалы. Дәмдеуіштерді, соя, майонез араласқан тағамдарды, арақты аз қолданған дұрыс. Балғын көкөніс, жеміс-жидектерді көбірек тұтынған жөн. Дайын таңертеңгілік ботқа, жартылай фабрикат сияқты дәм кіргізетін, тәуелді ететін заттар қосылған тағамдардан бас тартқан, әсіресе құрамында қант алмастырғышы бар азықтарды тұтынбаған абзал. Дереккөз: zamana.kz